"Самұрық-Қазына" өз мақсаты бойынша жұмыс істеуі керек

Жаңалықтар
06.10.2014, 12:14

Ғаламдық қаржы дағдарысы кезінде "Самұрық-Қазына" Қоры жеке секторларға көмектескені белгілі. Екінші деңгейлі банктерді де мемлекет құтқарып қалды. Енді аталған нән қор бастапқы мақсаты бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Біз жаңа ғимаратта аса маңызды перспективалық, жаһандық мәселені, Қазақстан экономикасын дамыту мәселесін талқылауға жиналып отырмыз.  Біз «Самұрық-Қазына» Қорын құрған кезде дүние жүзінің тәжірибесін алып,  негізгі активтеріміздің пайдалылығын, олардың ауқымын көтеру үшін, әлемдегі өркендеген елдермен теңдей жұмыс істеуді Қор алдына мақсат еткен болатынбыз. Алайда, дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде компания жұмысы өзгерді. Қазір бұған басқаша қарап, жағдайын түзететін уақыт келді», - деді Н. Назарбаев.

Елбасы бұл ретте әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, келешек қадамдарды анықтаудың қажеттігін атап өтті.

«Біз әлемдік тәжірибелерді саралай отырып, жоғары технологиялық және тиімділігі жоғары компанияны қалыптастыруды, еліміздің байлығын еселейтін компанияны құруды мақсат еттік. Ал «Самұрық-Қазына»  Қоры құрылған соң әлемдік дағдарыс басталып, ол төтенше жағдайларды шешу үшін күрделі жағдайларға тап болған банктердің құрамына енді. Банктер де жұмысын қазір жандандыра бастады. Ендігі міндет - Қорды өзінің құрылған мақсатына қайта оралту», - деді Н. Назарбаев.

Сұхбат

PhotoRoom