ОҚО-ның таулы аймақтарында 40 мұздақ көл анықталып отыр

Жаңалықтар
06.09.2017, 20:08

Оңтүстік Қазақстан облысындағы биік таулы аймақтарында 40 мұздақ көл анықталып отыр. Ал олардың еруінен құралатын Өгем өзенін үш ауданда тұратын 700 мың тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы ретте Өгем трансшекаралық өзенге жататындықтан Өзбекстанмен алдын ала келіссөздер жүргізіліп, суды бірігіп пайдалануға қол жеткізілген болатын. Ендігі мәселе – ауыз су тартуға бағытталған жобаны іске асыруды ғылыми тұрғыдан дұрыс жоспарлау керек. Бүгін бұл туралы 3340 - 3500 метр биіктіктегі Өгем жотасының Ақсу тауындағы өзен сулар мен мұздақ көлдердің жағдайын тікұшақпен шолып шыққан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.WhatsApp Image 2017-09-06 at 17.59.55

Ең алдымен облыс әкімі мінген тікұшақ Бадам өзенін бойлай ұшып, Төлеби, Түлкібас аудандарындағы таулы алқаптарды барлап шықты. Сөйтіп, таулы алқаптардағы мұздақ көлдер үстімен әуеден шолу жасады. Таулы төбесіндегі көлде облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда өңіріміздегі тасқын судың алдын алу, қосымша шағын қоймалардың құрылысын жүргізу, Өгем өзенінің суын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. WhatsApp Image 2017-09-06 at 17.59.53

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов өзен-көлдердегі тасқынның алдын алу шараларының барысына тоқталды. «Облыс аумағындағы өзен-көлдерде 86,95 шақырымдық қорғаныс дамбалары орнатылған. Бүгінде олардағы қауіпсіздік жағдайлары жіті қадағалауда», - дейді ол.

Таулы алқаптардағы мұздақ көлдердің бүгінгі жай-күйі туралы ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ОҚО аймақтық пайдалану техникалық басқармасы филиалының директоры Ербол Әлзақ бірқатар өзекті мәселелерді баяндады. Оның айтыунша, өткен жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде облыстың таулы аймақтарында 40 мұздақ көлдің бар екені анықталған. Оның ішінде 7-і көмілген көлдер санатына жатады.WhatsApp Image 2017-09-06 at 17.59.54

«Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында Қаржантау, Өгем және Майдантал таулы жоталарына биыл 1 рет аэровизуалды және 4 рет жерүсті зерттеу жұмыстары жүргізілген. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша мұздық көлдерден төніп тұрған қауіп жоқ екендігі анықталып отыр», - деді Е. Әлзақ. Ағымдағы жылға облыс бюджеті тарапынан аэровизуалды жұмыстарын жүргізуге 32 млн. теңге қарастырылса, бүгінгі күнге оның 19 млн. теңгесі игерілген.

Мәжіліс барысында өңір басшысы облыс аумағындағы тасқын судың алдын алу, өзен-көлдер мен бөгеттердің қазіргі ахуалын бақылау, тау бөктеріндегі мұздақ көлдерді бақылау бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берді. Сондай-ақ Өгем өзенінен Сарыағаш, Мақтарал, Қазығұрт аудандарына ауыз су тарту мақсатындағы жұмыстарды да назарда ұстауды тапсырды.

«Облысымызда жылда көктемгі мезгілдерде тасқын судан қауіп төнеді. Осы ретте алдағы жылы 30 шағын су қоймаларының құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Өгем өзенінің суын ауыз су реттінде пайдалануды қолға алып отырмыз. Ол үшін өзен бөктерінен гидроэлектростанциясының құрылысын жүргізіп, су құбырларын тау үстімен алып өту керек. Бұл ретте ғалымдар мен тиісті сала мамандарымен тыңғылықты жұмыс жасап, іске асырылатын жобаның құрылысын сапалы әрі тиімді етіп әзірлеуді тапсырамын », - деді Ж. Түймебаев.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 15 ақпанында Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі өкілдерінің екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобы басқосқан болатын. Аталған мәжілісте Өгем өзенінен секундына 3-3,5 текше метрге дейін суды алып, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал ауданы тұрғындарына ауыз су ретінде пайдалану мәселесі қаралып, оң шешімін тапты.

Сұхбат

PhotoRoom