Қазақстан-Чехия ойынынан не күтесіз?

Жаңалықтар
13.10.2014, 16:24

Бірнеше сағаттан кейін «Астана-Арена» стадионында Ұлттық құрамамыз Чехияны қабылдайды. Еуропа біріншілігінің іріктеу турниріндегі кезекті ойынымыз туралы қоғамға белгілі азаматтардың пікірін білген едік.

 

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Чехия құрамасы өте батыл, жинақы, тастай команда екенін осы іріктеу турнирі басталғалы дәлелдеп келеді. Біздің топтағы Нидерланды, Түркия сияқты мықты командалардың өзі ұпай жоғалтып жатқанда чехтардың командасы жасыл алаңда қателік жібере қойған жоқ. Сондықтан біздің ұлттық құрамамыз Чехиямен тең түсіп жатса, оның өзі мен үшін жетістік. Одан зорын күту әбестік болар еді. Ұлттық құраманың ойыны әзірге сын көтермейді.

 

 

Берік Уәли, ОҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Басқа уақыттағы ойындарымызды айтпағанда, дәл осы Францияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы ерекше ойын көрсетіп жүр. Мейлі, екі ойында 1 ғана ұпай алсақ та, Ю. Красножан баптайтын командамыз өте сауатты ойнап жүр. Латвиямен болған тең ойында уақыттың басым бөлігінде допқа иелік етуіміз, әлемнің үшінші командасы Нидерландының өзін Амстердамда матчтың үштен екі бөлігінде жеңіп тұруымыз кездейсоқтық емес. Қандай да бір нәтиже бар. Әйтпесе, Роббен, Ван Перси, Снейдерлердің өзі жарты командаға татитын ойыншылар ғой.

Қанша айтқанмен бірнеше сағаттан кейін Чехия құрамасын өз алаңымызда қабылдаймыз. Мұндайда жанкүйерлеріміз де үлкен қолдау. Мен бұл ойыннан жеңіс күтемін. Жоқ дегенде тең ойын болатын шығар.

 

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Әрине, патриот жанкүйер ретінде ел құрамасының жеңгенін бәріміз қалаймыз ғой. Бірақ...

Меніңше, біздің ұлттық құрама әлі де болса, жоғарғы деңгейлі еуропалық командалардың деңгейіне жете қойған жоқ әлі.

Шеберлікті уақыт келе шыңдауға болар, бірақ командалық рух, жан-тәнімен беріліп ойнау, ойынға барын салу жағы жоқ. Физикалық әзірлігіміз де алғашқы таймнан аса алмай жүр ғой.

Сондықтан да бұл жолы командамыз алғашқы таймда дес бере қоймаса да, екінші тайм физикалық дайындығы анағұрлым жоғары, жастардан құралған, кеше ғана Түркия құрамасын жеңген чехтардың жеңісімен аяқталар деген өкінішті болжамым бар...

Есен

Есен Елеукен, Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ төрағасы:

– Ұлттық құраманың осы іріктеудегі ойыны көңілден шығып жатыр. Тағы бір ұнағаны – келімсектердің азайып, нағыз қазақстандықтардың жасыл алаңда күш салып ойнауы. Красножан баптайтын команда осы бағытынан таймаса нәтиже беретін уақыт та алыс емес сияқты. Нидерландыға қарсы біз күткен ойыншылар шығып, өте жақсы өткізді. Бізде қай спорт түрі болмасын, спортшыларымыздың физикалық күші соңына дейін жетпей жатады. Ол әрине футболға да тән. Екінші таймға негізгі күшті сақтап қалса, бір нәтиже көрсетер деп ойлаймын.

Чехия құрамасында былтырғы ойындарымен салыстырғанда әлдеқайда өскендігі байқалып тұр. Жарық жұлдыздары көп болмаса да, командалық ойын көресете біледі. Былтыр Армениядан өз алаңында 0-4 есебімен ұтылып қалды. Дәл сондай болмаса да ұтуға тырысатынымыз анық қой. Чехтар әлден алаңның сапасына, жолдың қашықтығын сылтау етіп жатыр. Сондықтан осы сөздер біздің жігіттердің намысын қайраса екен.

 

 

 

 

8c5c39

Аршат Оразов, блогер:

– Ұлттық құраманың легионерлерден арыла бастауы Красножанның таңдауы емес, ФИФА-ның паспорт тексерулерінің арқасында болып отырған жағдай. Нәтижесінде соңғы 2 ресми матчта жаңа құрам көрудеміз. Бұл құрамның бұрынғысына қарағанда техникалық тұрғыда айырмашылығын көре алмадым, яғни әлі ойын жоқ, команда бар. Шеберлік жоқ, жігер бар, жүйе жоқ, құлшыныс бар. Бірақ, бұл әрине жеңіс үшін жетпейді. Шабуыл шебіміз өте нашар, бүгін чехтардың Чех қорғаған қақпасына гол соғу қиын. Ал Чехияда ұрпақтар ауысымы өтіп болды. Қазіргі құрамдары өте мықты. Бүгін ірі есеппен жеңеді деген ойдамын. Болжамым 0:3

 

 

 

photo

Жандос Байділдә, журналист:

– Чехия құрамасы А тобында көш бастап тұр. Екі турда алты ұпай жинады. Сырт алаңда Түркияны, өз алаңында Голландияны жеңді. Демек, Чехия әлсіз командамен енді кездеседі.  Ол – Қазақстан!

Тағы да Голландия мен Қазақстан арасындағы матч еске түседі. Голландия бірінші ойында Чехияға ұтылып қалғандықтан үш ұпай ауадай қажет болды. Бірақ, Қазақстан құрамасы Голландияға қарсы қандай қиындықтар туғызғанын көрдіңіздер. Бүгін Қазақстан құрамасы Чехияға қарсы тағы қорғаныста жақсы ойнаса 1 ұпай еншілеп қалуға болады.

Словакия-Испания (2-1) сенсациясы допқа көп иелік ету жеңістің кепілі еместігін тағы да дәлелдеп берді. Сондықтан, Чехиямен болатын ойында ең бастысы гол жібермесек, қалғаны бола жатар.

Мен өз басым бүгінгі матчтың тең есеппен аяқталатынына сенемін. Тіпті, бүгін 0-0 боп тарқауы мүмкін деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан-Чехия ұлттық құрамаларының кездесуі Астана уақыт бойынша 22-00-де басталады. Бұл ойынды "Қазақстан" және "Казспорт" телеарналарынан тікелей эфирде көре аласыздар!

Сұхбат

PhotoRoom