Мақтаарал ауданындағы «Мырзакент» мақта тазалау зауыты мақта талшығын дайындауда рекордттық көрсеткішке қол жеткізбек. Бұл межеге жету үшін кәсіпорынға АҚШ-тың «Люмус Корпорайшн» компаниясынан сатып алып орнатқан қондырғысы көмектеспек. Өңірдегі мақта зауыттарымен салыстырғанда бұл өндірістің еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары.
Атап айтқанда, талшықтың шығуы 30 пайызға артық әрі сапасы жоғары, электр қуатының шығыны 25-30 пайызға үнемделеді және мақтаны өңдеу мерзімі 30 пайызға қысқарған. Жобада пайдаланылған инновациялық технологиялар ТМД елдерінде теңдесі жоқ өндіріс болып табылады.
«Мақта зауытымыздағы инвестициялық жоба 2013 жылы өңірлік үйлестіру кеңесінде (ӨҮК) мақұлданып, индустриалды картаға еңгізілген болатын. Сөйтіп, аталмыш жобаны 2014 жылы іске қостық. Бүгінде зауыттың жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 120 адам мерзімді жұмыс орнымен қамтылған», - дейді зауыттың бас инженері Асылбек Жамалов.
2014 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын биылдың өзінде 60 мың тонна мақта талшығын әзірлеуді жоспарлап отыр. Тәулігіне мұнда 40 тонна мақта талшығы өндіріледі. Дайын өнім Шымкенттегі мақта тоқыма зауытына жөнелтіледі. Зауыт қажеттілігінен артылған талшықтар Чехия мен Үндістан мемлекеттеріне саудаланады екен.
Осылайша «Мырзакент» ЖШС-гі мақтаны өсіріп қана қоймай оны қайта өңдеу ісімен де айналысып жатыр. Сондай-ақ, бұл кәсіпорын өңір мақташыларынан тиімді бағада ақ алтын қабылдап, қамбасын шикізатпен толтыруда.