Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы (сұхбат)

Жаңалықтар
27.09.2017, 11:45

14446180_1213416322033996_2290586153599037074_n

Еліміздегі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалармен қоса өзге де әлеуметтік бағдарламалардың орындалуы бақылауда. Бюджеттен қаржы бөліп, шетелден инвестиция тартып, өндірісті өрге бастыру мен халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған шаруалардың жүгі жеңіл емес. Дегенмен, осы күнге дейін атқарылған істерді де аз деуге болмас. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі жетекшілік ететін салалар өте ауқымды. Солардың қатарындағы Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының орны ерекше. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасы шикізатқа иек артпауы үшін өндіріске жаппай бет бұрып, өнеркәсіп саласын дамыту қажеттігін айтып келеді. Бұл тұрғыда айтарлықтай жобалар қолға алынды. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы мен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы да бүгінгі күнгі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Осы үш бағдарламаның іске асырылу барысы, бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері мен көрсеткіштері туралы және алда атқарылуы тиіс жобалар жайында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырзамен сұхбаттасқан едік.

        Жеңіс Махмұдұлы, кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан ақпараттарға сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі экономика өсімінің негізгі драйверіне айналып келе жатқанға ұқсайды. Бұл әрине үлкен жетістік. Дегенмен, өзіңіз осы бір орны бөлек сала жайында айтып берсеңіз.  

Рахмет. Өңдеу өнеркәсібі экономика өсімінің негізгі драйверіне айналды, деген жай сөз емес. Өнеркәсіп саласында айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібінің ауқымы мен көрсеткіші артып келе жатыр. Мысалы, бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында 5,112 трлн. теңгенің 1 070 жобасы іске қосылып, 101,4  мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Бағдарлама жобалары 8 трлн теңгенің өнімін өндірді. Кейінгі жылдарды айтар болсақ, мәселен, 2016 жылы 2,2 трлн. теңгенің өнімі шығарылған екен. Ал, Индустрияландыру Картасына енгізілген жобалар орта есеппен айтқанда, ай сайын 180 млрд. теңгенің өнімін өндіріп отырған. Тағы бір айта кететін жайт, Картаға енгізілген жобалар бұрын Қазақстанда өндірілмеген 500 жаңа өнім түрін игерді. Олардың қатарында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратуралары, жарықдиодты шамдар, титан құймалары мен слябтар, дәрілік заттар, сүт өнімдері және тағы басқалар. Ал, 2017 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өңдеу секторының кәсіпорындарында өндірістің нақты өсімі 6,3% құрады.

2014090214374199275

2017 жылдың І тоқсанында жалпы сомасы 25,7 млрд. теңгеден асатын 28 жоба іске қосылып, 1,7 мың жұмыс орыны ашылды. Мұндағы маңызды жобалардың ішінде Атырау облысындағы роботтық дәнекерлеу тәсілін қолданып, металл конструкция өндірісін ұйымдастыратын, құны 2,6 млрд. теңге болатын «Жігермұнайсервис» ЖШС және Жамбыл облысындағы құрғақ құрылыс қоспаларын, ұсақ ұнтақталған толықтырғыштар мен гипс өндіретін құны 3,9 млрд. теңге «Alina Holding» ЖШС зауыт кешенінің құрылысы бар. 2017 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11,8 мың АҚШ долларын құрап, 5,3%-ға артты. 2017 жылдың қаңтар – мамырында өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі  2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,8%-ға артып, 6,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасының қолайлылығына, өнімді өткізу нарығының кеңеюі мен жеткізу өсіміне байланысты іске асырылып отыр.

695806_1435143693_298_298_0

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 411,1 млрд. теңгені құрады. Яғни, 2016 жылдың қаңтар – маусым айларымен салыстырғанда 27,5 млрд. теңгеге өсіп, 2,7%-ға артқан. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы іске асырыла бастағаннан бері (2015-2016 жж.) 7 трлн. теңгенің 258 жобасы іске қосылып, 21 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал, биыл 489,8 млрд. теңгеден асатын 32 жоба іске қосылды. Мұнда шамамен 3,9 мың жұмыс орны ашылғанын айта кету керек. 2017 жылдың 2-ші жартыжылдығында құны шамамен 1 трлн. теңгеден асатын 100 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл жобалардың қатарында Павлодар облысындағы теміржолға арналған дөңгелектер шығаратын  «Проммашкомплект» ЖШС кешені мен алюминийді легирлейтін «Giessenhaus» ЖШС, Алматы облысының Қапшағай қаласындағы азық-түлік өндіретін «Мареван фуд» ЖШС бар. Жобалар іске асқанда тағы 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен қатар, Индустрияландыру картасынан тыс Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриялды аймақтарда 280 млрд. теңгенің 100-ден астам жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске қосылған кезде 6800 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

         Енді «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына ойыссақ. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қандай ауқымды жобалар іске асырылды және қанша шақырым жол ел игіліне берілді, бөлінген қаржы толық игерілді ме?   

2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында министрлік көлік инфрақұрылымы саласы жобаларын және жылумен, сумен жабдықтау, сонымен қатар, су тарту жүйелерін жаңғырту жобаларын іске асырады. Аталмыш бағдарламаның негізгі жобаларына республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының құрылысын жүргізіп, реконструкциялау жатады. Қазақстан Республикасының жалпы қолданыстағы автомобиль жолының ұзақтығы 96,5 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық желі 23,7 мың, жергілікті желі 72,8 мың шақырым. 2010 жылдан бері республикалық маңыздағы 5 мың шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, реконструкцияланды. Нәтижесінде республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдары жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетті. 2015-2016 жылдар кезеңінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 616 млрд. теңге бөлінген болатын. Барлық бөлінген қаржы игеріліп, 1,3 мың шақырым автомобиль жолы І және ІІ техникалық санат параметрі бойынша реконструкцияланды.

almaty_doroga_4

Жалпы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан автожол жобаларына 2016 жылдың қорытындысы бойынша 324,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлттық қордан 151,3 млрд. теңге қарастырылған болатын. Бұл қаржыға республиканың 12 облысын қосқанда 1,7 мың шақырым жол реконструкцияланды. Олардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Алматы-Өскемен, Астана-Петропавл, Ақтөбе-Атырау және Орал-Каменка жобалары бар. Бұл жобалардағы жұмысқа 75 мың адам жұмылдырылды және онда 90 %-дан астам отандық өндірушілердің материалдары қолданылды. Айта кететін бір жайт, жыл қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарынан кейін 767 шақырым жол ашылды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізі,  толығымен ашылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ертіс өзені арқылы өтетін ұзақтығы 12 шақырым болатын Павлодар қаласындағы Орталық Азиядағы ең үлкен көпірдің құрылысы аяқталды.

         Биыл қанша шақырым автомобиль жолы пайдалануға берілді және жыл соңына дейін қай учаскелерде қандай жобалар аяқталады?

Биыл «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру көзделген. Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша ұзақтығы 14 шақырым болатын Теміртау-Қарағанды учаскесін реконструкциялау жалғасуда. Біз Дүниежүзілік және Еуропалық банктер қаржыландыратын ұзақтығы 228 шақырым болатын Құрты-Бурылбайтал учаскесінің жұмысына кірісіп кеттік. Сондай-ақ, бюджет қаржысы есебінен ІІІ тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының Солтүстік-Шығыс айналма жолы учаскесін реконструкциялау басталады. 2018 жылдан бастап Дүниежүзілік банк есебінен Балқаш-Бурылбайтал (297 км)  учаскесін және Құрты-Қапшағай (67 км), 2019 жылы Қарағанды-Балқаш (364 км)  учаскелерінде жұмыстарды бастауды жоспарлап отырмыз.

f7f49577aa5ab6ef92531789d660d025

Биыл Орталық-Шығыс жобасын іске асыруға 106 млрд. теңге бөлінді. 675 шақырымда жұмыс жіргізілді және жылдың соңында Астана-Павлодар учаскесінің 230 шақырымында жолдың 4 жолақты қозғалысын ашу жоспарланған. Сонымен бірге, ұзақтығы 36 шақырым болатын соңғы учаске – Семей-Қалбатау бөлігіндегі жұмыс аяқталады. Ал, Орталық-Батыс жобасы бойынша 2020 жылға дейін Денисовка-Қостанай (114 км) учаскесін аяқтау жоспарлануда. Бұдан бөлек, министрлік ұзақтығы 2 мың шақырым болатын Жетібай-Жаңаөзен, Талдықорған-Өскемен, Меркі-Бурылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Таскескен-Бақты, Осиновасуы, Щучье-Зеренді сияқты жаңа жобаларды іске асыруға кірісті. Іске асырылған жобалар бойынша бірінші жартыжылдықта 112 млрд. теңге игерілді және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылды. Жыл қорытындысы бойынша бағдарлама шеңберінде 1 және 2 техникалық санаттағы 602 шақырым жолды аяқтау жоспарланып отыр, соның ішінде Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолының реконструкциясын толық аяқтау көзделген.

Бағдарлама аясында тағы бірқатар жобалар іске қосылғанын білеміз. Солардың ішіндегі еліміздің экономикасы үшін маңызды деген қандай жобаларды атар едіңіз?

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған Құрық портының теміржол паромдық кешенінде жыл басынан бері 760 мың тонна жүк ауыстырылып тиелді. Тиелген жүктердің негізгі түрлері – мұнай өнімдері, халық тұтынатын тауарлар, химикаттар, қондырғылар мен металл өнімдері. Ал, жыл соңына дейін аталмыш терминал арқылы шамамен 1 млн. тонна жүкті ауыстырып тиеу жоспарлануда. «Қорғас-Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағындағы «Құрғақ порт» пайдалануға берілгеннен бері 219,5 мың контейнер өңделді. Қазіргі уақытта «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 76 қатысушы тіркелген және 350-ге жуық жұмыс орны ашылды.

d051963b0c33393b3c99c1cb2abbcd3d_XL

Сондай-ақ, теміржол саласы бойынша Алматы-Шу учаскесінде ұзақтығы 112,37 шақырым болатын екінші жолдың құрылыс жобасы іске асырылуда. Бұден бөлек, өткен жылы ұзақтығы 14 шақырым болатын Боржақты – Ерсай теміржол желісі пайдалануға берілді. Ол Құрық портын теміржол магистральді желісімен қосады. Пайдалануға берілген күннен бастап теміржол желісі арқылы 500 мың тонна құрылыс жүктері тасымалданды. Сонымен қатар, Астана қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысының аяқталып, пайдалануға берілгенін жақсы білесіздер. Бұлардан басқа да жобалар бар.

 

 

Елімізде тек экономикалық өсімді ғана емес, сонымен бірге халықтың мұқтаждығын шешуге арналған бағдарламалар да жетерлік. Солардың қатарында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы да бар. Іске аса бастағанына 1 жыл толмаса да бағдарламаның аяқ алысын білгенді жөн көріп отырмын.  Қандай жетістіктер бар, жоспарлар қандай?

 

Сұрағыңызға рахмет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндетін жүктеген болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бағдарламасына ерекше назар аударуды тапсырды.

Бағдарлама 2017-2031 жылдарға арналған. Негізгі мақсаты халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу. Жалпы, 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған.

0cc33071d964f8a58701ec96439a4677_XL

Биылғы жылдың жоспарына келер болсам, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10,1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді (99 мың пәтер) пайдалануға беру күтіліп отыр. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй (25 мың пәтер) тапсырылмақ.

Биыл 8 айда барлық қаржыландыру көздерінен жалпы алаңы 6,9 млн. шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға жоғары көрсеткіш.

Ең көп көлемде пайдалануға берілген тұрғын үй Астана (1,8 млн. кв. м), Алматы (1,0 млн. кв.м) қалаларында, Маңғыстау(648,7 мың кв. м),  Оңтүстік Қазақстан (400,3  мың кв.м) облыстарында. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші төмен Солтүстік Қазақстан (63,7 мың кв. м) мен Павлодар (121,7 мың кв. м) облыстарында. Республика бойынша 60 690 баспана пайлануға берілген.

2016 жылы бағалы қағаздарды шығару есебінен кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы Ұлттық қордан 67 млрд. теңге бөлініп, оның  60,1 млрд. теңгесі немесе 90%-ы игерілді.

Бұл бөлінген қаржыға 2016-2018 жылдары 630,6 мың шаршы метр тұрғын үй (9962 пәтер) салу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 225 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (3286 пәтер). Оның ішінде: 2016 жылы 22,3 мың шаршы метр (268 пәтер), 2017 жылы 202,7 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды(3018 пәтер).

Биыл жылдың соңына дейін тағы 320,9 мың шаршы метр (5477 пәтер), 2018 жылы 85 мың шаршы метр (1199 пәтер) тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр.

2016-2018 жылдары жалпы алаңы 588,7 мың шаршы метр болатын тұрғын үй салынатын болады. Биыл жыл соңына дейін 140,6 мың шаршы метр (2431 пәтер), 2018 жылы 70,6 мың шаршы метр тұрғын үйді (1225 пәтер) пайдалануға беру жоспарлануда.

Бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлерді сатып алуды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі салымшыларын несиелеу мақсатында Ұлттық қордан 22 млрд. теңге бөлінді. Оның 8,9 млрд. теңгесі немесе 40%-ы игерілді.

Астана, Алматы қалаларында және Шығыс Қазақстан облыстарында алаңы 306,4 мың шаршы метр (6048 пәтер) болатын 7 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылыстарды 2018 жылдың наурыз-маусым айларында аяқтамақпыз.

Биыл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысына  25 млрд. теңге мақсатты трансферт бөлінді және өңірлерге 1,5 млрд. теңгеден таратылды. Өңірлерге аударылған 14,3 млрд. теңге қаржының 1 қыркүйектегі есеп бойынша 13,3 млрд. теңгесі немесе 93%-ы игерілді. Биыл бұл бағыт бойынша150 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда.

жер

Тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға, соның ішінде жеке тұрғын үй салынып жатқан жерлерге инженерлік коммуникация тартуға биыл республикалық бюджеттен 83,4 млрд. мақстатты трансферт бөлінді. 1 қыркүйектегі есеп бойынша өңірлерге аударылған 51,1 млрд. теңгенің 46,1 млрд. теңгесі немесе 90,3%-ы игерілді. Бұл қаржыға 3633 шақырым желі тарту жоспарланған болаты. Қазіргі уақытта оның 1435,9 шақырымы тартылды. Мұнда 60 мың жеке тұрғын үй құрылысы салынатын жер учаскелерін қамту көзделген.

Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру аясында жыл сайын  3 жыл қатарынан жеке құрылыс салушыларды несиемен субсидиялау үшін 11 млрд. теңгеден бөлуді қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда БанкЦентрКредит, АТФ Банк, Сбербанк, Нұрбанк, Евразиялық банк, Казкоммерцбанк және Цеснабанк құрылыс компанияларына тұрғын үй салу үшін кредит беру жөніндегі жобаларға қатысатындарын растады.

 

Осы тұста толықтырып айта кетсеңіз, 2031 жылға дейін бағдарлама бойынша шамамен қанша отбасы қандай бағыттар арқылы баспаналы бола алады?

 

Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2031 жылға дейін 1,5 млн адам жеке баспанаға ие болатынын жоғарыда айтып өттім. Олардың 500 мыңнан астамы таяу бес жылдың ішінде баспаналарын алады, деп отырмыз. Аталған бағдарлама аясында жеке тұрғын үй қорына 10 сотық көлемінде 664 000 жер телімі берілетін болады. Азаматтар Қазақстан ипотекалық компаниясы мен Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы 35 000 арендалы баспана, 280 000 несиелік үй алады. Сонымен бірге, 521 000 коммерциялық тұрғын үй ипотека арқылы берілетін болады. Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында осындай жұмыстар атқармақпыз.

Сұхбатыңызға рахмет.

Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»

(Өңделген)

 

Сұхбат

PhotoRoom