Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан мен Норвегия үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалы жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
«Қазіргі кезде 41 шет елдермен автомобиль келісімі жасалған және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Аталған құжатқа сәйкес, екіжақты транзиттік тасымалдар, сонымен қоса үшінші елдерден немесе үшінші елдерге тасымалды рұқсат беру негізінде жүзеге асырылады.
Аталған шарттар отандық тасымалдаушылар үшін тиімді. Өйткені қазіргі уақытта екі ел арасындағы жүк тасымалдарын үшінші елдердің өкілдері, яғни Беларусь және Ресей көлік компаниялары іске асыруда»,-деді министр ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, 2016 жылы Қазақстан мен Норвегия арасында автомобильмен жүк тасымалының көлемі 53 пайызға ұлғайған. Сонымен қоса, осы Келісімді жүзеге асыру Қазақстан мен Норвегия тасымалдаушыларына Норвегиядан Азия елдеріне жүк тасымалдауға мүмкіндік бере отырып, Мемлекет басшысының транзиттік тасымалдан түсетін кірісті ұлғайтуға қатысты тапсырмасын орындауға ықпал етеді.