Алаш қайраткерлері ардақталды

Жаңалықтар
17.10.2014, 16:01

Бүгін ұлт қайраткері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы және Оңтүстіктің үні, айнасы болып табылатын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай, облыстық филармонияда «Ақ жол және Алаш ардақтылары» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Аталмыш конференцияға есімдері елге танымал тарихшылар, ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, іргелі басылым редакторлары қатысты.

Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали жүргізіп отырды. Конференция жұмысының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр тарихы тереңде жатқан қарашаңырақ басылымының 90 жылдық мерейтойымен облыс әкімі атынан құттықтады.

«Бастауын 1924 жылы «Ақ жол» газетінен алатын басылым осы жылдар ішінде оңтүстікқазақстандықтармен бірге талай белестен өтті. Уақыт талабына сай атауы өзгеріп отырған қасиетті қарашаңырақ бүгінде мемлекеттік саясатты елге кеңінен насихаттап, халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпірге айналды. Бүгінгі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық торқалы тойы қалың оқырманның төл мерекесі деп те бағалаймын. Ендеше, ортақ мерекеміз құтты болсын. Газет ұжымына мерейлі мерекелеріңіз толымды тірліктерге ұласып, шығармашылықтың шыңынан көрініп, оқырмандарын қуантатын хабарларыңыз көбейе беруіне тілектестігімді білдіремін!»,-делінген өңір басшысының құттықтауында. Басылым ұжымына шығармашылық табыстар тілей отырып, облыс әкімінің арнайы сыйлығы  автокөлік кілтін табыс етті.

Ғылыми-теориялық конференцияда «Ұлт қайраткерлері және Алаш мұраты (Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың мұрасы негізінде)»  тақырыбында бас баяндаманы филология ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор, белгілі алаштанушы Дихан Қамзабекұлы жасады. Сонымен қатар ф.ғ.д. Халықаралық Түркі академиясының ғалым хатшысы Амантай Шәріп, ф.ғ.к. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы, «Оңтүстік Қазақстан» облытық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжанов баяндама жасады.

Сондай-ақ жиынға елімізге белгілі жазушы әрі ақын Мұхтар Шаханов пен сатирик, жазушы Көпен Әмірбек сыңды дара тұлғаларымыз қатысты. Конференция соңында алаш ардақтылардың өмірінен сыр шертетін сахналық көрініс көрсетілді.

Сұхбат

PhotoRoom