Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық. Тіпті кейінгі жылдары жоғары оқу орындарының түлектері арасындағы заңгер, экономист, қаржыгер және бірқатар гуманитарлық мамандықтары бойынша жұмыссыздық деңгейінің өскені айқын байқалып отыр.
Бұл еңбек нарығындағы тепе-теңдіктің сақталуына кері әсерін тигізуде. Оған түрлі фактарларды келтіруге болады. Ал ең басты себептердің бірі мектеп қабырғасында болашақ мамандық таңдауға қатысты жүргізілетін кәсіби бағыт-бағдар беру іс-шараларының толық деңгейде болмауында. Бір сөзбен айтқанда мектеп бітірушілердің еңбек нарығындағы сұранысты, өзінің жеке және басқа да мүмкіндіктерін ескермей жасалған таңдауының нәтижесі. Оған түлектердің қазіргі заман талабына сай мамандықтар мен кәсіп иелері туралы толық ақпараттанбауын да жатқызуға болады.
Астана қаласының жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен мемлекеттік жастар саясаты саласына қатысты аймақтық бағдарламалардың бөлімдерін жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар аясында еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды насихаттау және кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары бойынша мектеп оқушыларына арнап ауқымды кездесулер өткізуді жоспарлауда.
Кездесуге орталық және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, өнеркәсіп және жұмысшы мамандықтар өкілдері шықырылған. Сонымен қатар жалпы білім беру мекемелерінің 3000 мыңнан астам 9-11 сынып оқушылары (әр кездесуге 600 оқушы) қатысады.
Сонымен қатар, кездесуге: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Астана қаласы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасы және Білім басқармасы Жастар ісі комитеті, Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ, «Жас Отан» жастар қанаты, Республикалық диагностикалық орталық, «Казатомпром» ЖШС, «Қазмұнайгаз» АО сияқты атқарушы органдар, Астана қаласындағы ірі компаниялар мен өндіріс өкілдері қатысады.
Өткізу уақыты: 20-24 қазан 2014 жыл, басталуы сағат 10.00 де.
Өтетін орны: Астана қаласы жағалау 3 шағын ауданы, Жобалық көшесі 204 үй, № 71 мектеп-лицейі