Бүгін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Венгрия еліне ресми сапары барысында аталған елдің Президенті Янош Адермен кездесті. Жүздесу барысында Мәжіліс Төрағасы Венгрия президенті мен халқына Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың атынан бейбітшілік пен гүлденуді тілейтінін жеткізді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан мен Венгрия халықтарының арасындағы тамыры ортақ тарих пен мемелкеттердің қабылдаған Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі декларациясы өзара іс-қимылдың қарқынды дамуына кең жол ашып келеді. Әңгіме барысында тараптар осы зор мүмкіндікті тілге тиек ете отырып, екіжақты әріптестіктің өзекті мәселелеріне назар бұрды.
Бұдан бөлек, кездесу барысында Қазақстан мен Венгрияның сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екені айтылып, оны дамыту жолдары қаперге алынды.
Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Елбасының арнайы өкілі ретінде Янош Адерге Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігін қолдауға қатысты жолдау-хатын табыс етті. «Елбасының көреген саясатының арқасында біздің еліміз халықаралық деңгейдегі маңызды мәселелер талқыланатын беделді халықаралық үнқатысу алаңына айналып отыр. Бүгінгі күні әлемдік қауымдастықтың салмақты қатысушысы ретінде Қазақстан өз орнын айқындады", - деді Қ. Жақыпов.