Депутаттар бюджетті бекіту уақытын созды

Жаңалықтар
22.10.2014, 11:53

Парламент Мәжілісінің депутаттары "2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасымен жұмысты одан әрі жалғастырып, оған қорытынды әзірлеу мерзімін ұзартты. 

Еске сала кетейік, бұған дейін үшжылдық бюджет жобасын Мәжілістегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының отырысында депутаттар құжаттың шығыс бөлігін 360 млрд. теңгеге ұлғайтуды ұсынған болатын.

"Бюджет туралы заң жобасына депутаттар тарапынан ұсынылған бірқатар түзетулер жан-жақты қаралды, енді бұл жұмыстың мерзімін ұзартуды талап етіп отыр. Осыған орай, бас комитет заң жобасына ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін қоорытынды әзірлемек", - деді Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова.

Еске сала кетейік, 2015 жылы болжанған республикалық бюджет түсімдері 6 триллион 309 миллиард теңгені құрайды. Бұл ағымдағы жылдың нақтыланған болжамына қарағанда 103 миллиард теңгеге артық. Соның ішінде трансферт түсімдерін есепке алмағандағы кірістер 4 триллион 338 миллиард теңгені құрайды, бұл көрсеткіш 2014 жылдың нақтыланған деңгейінен 23 миллиард теңгеге төмен. Ал республикалық бюджеттің түсімі 2016 жылы - 6 триллион 738 миллиард теңге, 2017 жылы - 7 триллион 127 миллиард теңге шамасында болжанып отыр.

Жалпы, 2015-2017 жылдар аралығында әлеметтік қорғауға жұмсалатын бюджет шығыстары 5 трлн. 889 млрд. теңгені, оның ішінде 2015 жылы - 1 713 млрд. теңгені құрайды. Атап айтқанда, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері мөлшерін 9 пайызға, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды 7 пайызға арттыруға 129 млрд. теңге көзделеді. Бұдан бөлек, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақылардың 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайыз артуына 23 млрд. теңге, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап еңбек өтіліне байланысты базалық зейнетақы тағайындауға 137,4 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Сұхбат

PhotoRoom