Мәсімов қазақстандықтарды еңбексүйгіш деді

Жаңалықтар
23.10.2014, 11:41

Жапондардың заманауи технологиялары мен қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі әріптестіктің көптеген салаларында орасан зор жеміс беруі тиіс. Бұл туралы бүгін Жапония мен Қазақстанның экономикалық әріптестік бойынша үкіметтік және жеке секторлардың бірлескен комиссиясының 5-ші отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат. 

«Таңертеңнен бері мен бірқатар жапондық ірі компаниялардың басшыларымен кездестім. Сол кездесулерден түйген ойым, біздің әріптестігіміздің аясы өте кең. Өйткені біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырады. Жапонияның басты артықшылығы - заманауи технологиялары, оларды әлемдегі ең мықты технологиялар деуге болады. Ал Қазақстанның артықшылығы - табиғи байлықтың мол қоры мен еңбекке ерекше құштар қазақ халқы», - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай ерекшеліктер екі елге де пайдасын тигізеді.

«Менің ойымша, бұл артықшылықтар бізге атом өнеркәсібі саласындағы әріптестікте үлкен синергия береді. Сонымен қатар автомобиль шығаруда да жетістіктерге қол жеткіземіз. Бұл салада қазірдің өзінде нақты мысалдар бар. Бүгін гибрид автомобильдер немесе толықтай электромобильдер шығаруды дамыту туралы ұсыныстар айтылды. Бұларды дамыту үшін үкімет тарапынан қандай да бір қолдау мен жеңілдіктер қажет», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі.

Оның айтуынша, сонымен қатар әріптестік аясында ғарыш саласы мен ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да көптеген бағыттар бойынша біршама жетістіктер бар.

Сұхбат

PhotoRoom