Қайраткерлердің қырлары толық ашылған жоқ

Жаңалықтар
27.10.2014, 11:03

 

Бейбітшілік және келісім сарайында «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция басталды.

Ұйымдастыршылар: Халықаралық Түркі академиясы, Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі. Шара түркі әлемінің бірлігі жолында қызмет еткен қайраткерлер – Алибек Гусейнзаденің туғанына 150 жыл, Мамед Эмин Расулзаденің туғанына 130 жыл, Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына 120 жыл және Исмаил Гаспринскийдің қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай өткізіліп жатыр.Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли жиында баяндама жасап, қайраткерлердің қырлары әлі де толық ашылмай отырғанын атап өтті.

берік

"Әрине, бұл ұлт қайраткерлерін бүгінгі ұрпаққа таныту мен олардың мұраларын насихаттауда елімізге белгілі бірқатар тарихшылар, ғалымдарымыз жемісті еңбек етіп жүр. Дегенмен, қайраткерлердің қырлары әлі де толық ашылды деуге келмейді. Мәселен, «Тұтас Түркістан» идеясы өткен ғасырдың басында-ақ Тұрардай тұлғаның өмірлік мұратына айналғаны тарихтан белгілі. Қайраткердің «Түрiктiң түрiктен басқа досы жоқ», «Түркi тiлдес түгел бол» деген аталы сөздерi туысқа туыстың қол созуына үндеген ұранындай естiледi" деді Берік Уәли.
 
 
Сондай ақ, ол "Түбі бір түркі әлемі жеке-жеке бөлініп кетпей, біріккенде ғана жаһандану кесапатынан аман қалмақ. Сондықтан туыс халықтарды рухани жақындастыру баршамыздың міндетіміз деуге болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Ұлы Түркі елінің қарашаңырағы» деп атаған қазіргі Қазақстанда алыс-жақын шетел оқымыстыларының басын қосқан бүгінгі жиындытүркітілдес елдердің ортақ тарихына жататын маңызды бір іс деп атауға болады. Сондықтан түркі әлемінің бірлігі жолында қызмет еткен қайраткер тұлғалардың өткен өмірінен тағылым ала отырып, болашақта да қарым-қатынастарымызды және ынтымақтастығымызды бекемдей түсуіміз қажет" деді.

Алқалы жиынға Қазақстанмен қоса, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, АҚШ, Моңғолия, Жапония және т.б. елдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зиялылары қатысып отыр.

Елбасы Н.Назарбаев 2013 жылы Әзербайжанның Габала қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің ІІІ cаммитінде Түркі академиясына түркі әлемі туралы халықаралық жиын өткізуді және биылғы жылдың маусым айында Түркияның Бодрум қаласында болған Түркі кеңесінің IV саммитінде түркі әлемі интеграциясының бағдарламасын жасауды жүктеген болатын.

 

Сұхбат

PhotoRoom