«Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы еңбегіне арналған дөңгелек үстел өтті Тәуелсіздік алғаннан бері өткен ширек ғасырдан асқан уақытта еліміз әлемдік саясаттың сан қилы қитұрқылығынан ақылмен өтіп, жаһанға бейбітсүйгіш ұранды үлгі етіп келеді. Осы уақыттың парасатты баяны келешек ұрпаққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы арқылы сапарға шықты. Бұл еңбекте болашаққа бет алған қазақтың салқар көші, тұтас бір дәуірінің тарихы бар. Сондықтан да бұл кітап қоғамда ғылыми-сарапшылық институттар мен жалпы жұртшылық тарапынан зор қызығушылық тудырып, кең ауқымды талқылауларға өзек болды. Мәселен, тек «Егемен Қазақстан» газетінде мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Парламент депутаттарының, зиялы қауым мен сарапшылық орта өкілдерінің осы еңбектің мән-маңызын ашып көрсететін елуге жуық мақаласы жарияланды. Қарапайым оқырмандардан да көптеген хаттар келіп түсті. Авторлардың барлығы дерлік кітаптың іргелі энциклопедиялық еңбек екеніне, онда еліміздің жаңа дәуірде жүріп жатқан жолы нақты тарихи дәйектермен шынайы баяндалғанына айрықша назар аударды. Бұл бағыттағы пікірлер мен мақалалар легі әлі де толассыз жалғасып жатыр. Осыған байланысты «Егемен Қазақстан» газеті кеше мемлекет және қоғам қайраткерлері бастаған ғылыми-сарапшы және зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, Елбасы еңбегіне арналған дөңгелек үстел мәжілісінде айтылған ой-толғамдарды оқырман назарына ұсынды.
Тәуелсіздігіміздің энциклопедиясы іспетті, жасампаз жылдардың жиынтық жылнамасындай болған Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегін талқылауға жиналып отырмыз. Тұтас дәуірге пара-пар, ғасырға бергісіз осы тәуелсіздік жылдары Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Айтуға жеңіл жетістіктер мен жеңістердің уақыт шебіндегі жүрген жолы оңай болған жоқ. Соның көркем баяны алдарыңызда, – деген кіріспе сөзімен жиынды ашқан «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі бастапқы сөзді азаттықтың алғашқы жылдарының куәсі болған Мырзатай Жолдасбековке берді. – Бұл кітап туралы аз мақала жазылған жоқ, аз пікір айтылған жоқ. Әлі айтыла да, жазыла да береді деп ойлаймын. Соңғы екі жылда жазған Елбасының кітаптары тәуелсіз Қазақстанның тарихы жазылған үздік, маңызы зор еңбектер. Соның біреуі – 2016 жылдың соңында жарыққа шыққан «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабы. Ал мына кітап тәуелсіз Қазақстанның дап-дайын оқулығы. Мен бірнеше жерде өтініп айттым. Енді бұны мектептерге оқулық ретінде енгізуіміз керек. Тәуелсіз дәуірдің тарихын білем деген адамға бұдан артық оқулық керегі жоқ. Бұл көз алдымызда қалыптасқан тарих. Бұл кітапты жазғаны үшін Президентімізге шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деп түйіндеді сөзін М.Жолдасбеков. Сол кезеңдегі ұлттық мәселелер азаттықтың архитекторы – Елбасының көзімен, автордың сөзімен «Тәуелсіздік дәуірінде» баяндалған. Сол тарихи оқиғалардың басы-қасында жүрген Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов келесі сөзді былай сабақтады: – Кітап туралы көп айтуға болады. Мен бір-екі жайтқа ғана тоқталғым келеді. Мәселен, мемлекеттің шекарасын бекітудегі Елбасының еңбегі бұл кітапта бір ауыз сөзбен айтылыпты. Бірақ алты-жеті жылға созылған ұзақ процестің куәгері болған біз оның қалай жүзеге асқанын өте жақсы білеміз. Ал енді қандай кезде шекара мойындалады? Қазіргі талап және бұрын да солай болатын – көршілес отырған екі ел сол шекараны екіжақты мойындап, келісімге бірдей қол қою керек. Әрбір шақырым, метр қағазға түсіп, тіркеледі. Қазір БҰҰ құрылғалы бері, барлық мемлекетаралық шекаралар осы ұйымда мақұлданып, бекітіледі. Шекараның заңдастырылуы деген осы. Ол өте ауыр, мехнатты жұмыс. Осы бағытта қаншама қыруар шаруа атқарылды. Екінші айтқым келгені – астананы ауыстыру. Бұл Елбасының сындарлы саяси жолындағы жарқын, маңызды қадам болатын. Елбасы Астана туралы бөлек кітап та жазған. Сонда да көп мәселе айтылды. Қазір елордамыз сұлу шаһарға айналып, көздің жауын алады. Ал оны көшіру мен көркейтудің ар жағындағы саяси, экономикалық ауыртпалықтар өз алдына бөлек дастан. Сол сияқты фрагменттер бұл кітапта көп. Әрқайсысы – бөлек тарих. Тарихымыз мәңгі, болашағымыз баянды болсын, – деді депутат. Ширек ғасырлық тарихымызды қамтыған еңбектің салмағы тәуелсіздікке дейінгі сан мыңжылдық тарихымызбен пара-пар екенін айтқан ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы тек тәуелсіздіктің арқасында ғана елдігіміз емін-еркін жырланып жатқанын жеткізді. – Тәуелсіздіктің ширек ғасыры осы кітапта маржандай тізіліп тұр. Біздің тәуелсіздікке дейінгі тарихымыз да бір, 25 жылғы тарихымыз да бір. Өйткені бұл кітаптың мәнінің, мазмұнының салмағы сондай. Сондықтан оны басымызға жастанып жатып оқып, бойымызға сіңіруіміз керек. Әсіресе жастарға осы оқулық арқылы тәуелсіздіктің қадірін, қысқа уақытта қаншама тер төгілгенін ұғындыруымыз тиіс. Тәуелсіздіктен бұрын қазақ ақындары көсіліп елдің, ұлттың тағдырын айта алмады. «Қазақ» деген сөзді әрең ауызға алатынбыз. Қасымнан бергі дүниеде тәуелсіздік туралы ойлар ақырындап қазақтың әдебиетінде бүлкілдеп қана жатты. Ұлттың тағдырын бүгінгідей жарқылдап жырлай алған жоқпыз», деген ақын елдікті әлі де жеткізе жырлау керек екенін айтты. Жиында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздықов бұл кітап – әрі тарих, әрі шежіре екендігін атап өтті. – Мемлекет құрылысы оңай жолмен бой көтерді дей алмас едік. Ондағы ұлтаралық келісім, Астананың Арқаға көшуі сияқты ірі тарихи оқиғалардың барлығы жаңа қадамдар болатын. Жаһандану дәуірінде жаңаша қадам, мәселелерді жаңаша шешу аса салиқалы саясатты қажет етті. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында автор сол ақиқат тарихты кезең-кезеңімен барынша ашық жазған. Әр қадам сайын жаңара түскен, оның ішінде тәуелсіздікке жеткенге дейінгі қандай жағдайлар орын алғаны, қандай экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемаларды шешуге тура келгеніміз айна-қатесіз ақ параққа түсірілген. Және бір айта кетерлік жайт, кітапта автордың өзі кейіпкер, кейіпкердің өзі автор болуы да кітапқа қосымша бояу беріп тұр дер едік. Және ол кейіпкер біздің егемендік алуымыз бен оны аяғынан тұрғызу жолында тер төккен, біздің мемлекетімізді дамытудың жаңа саяси үлгісін жасап, сонымен қатар оны жүзеге асырудың жоспар, жолдауларын ұсынған аса жауапты адам болуы да оқырманға ой салмағын жүктейді, – деді тарихшы. Елбасы еңбегінің саяси маңызына тоқталған саяси ғылымдар докторы Нәубат Қалиев бұл еңбекті қазақстандық дамудың кілті ретінде бағалады. – Жалпы адамзат тарихында дәуір дегеніміз – бірнеше ғасырларды қамтитын ұзақ тарихи мерзім, ұзақ тарихи кезең. Н.Назарбаевтың жаңа еңбегінің «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталуы қазақ халқының ширек ғасырдай уақыттағы күрделі тарихында өткен жолының дәуірлерге пара-пар екендігін көрсетсе керек. Ең алдымен бұл кітаптың құрылымы ғалымдар үшін пайдалы дер едім. Президент осы кітабында өзге де мемлекеттердің даму кезеңдерін «Жаңғыру» деген категориямен талдайды. Мәселен, өткен ғасырдың елуінші жылдарының өзінде жетпіске жуық жаңа мемлекет пайда болды. Солардың барлығы жаңғыру жолына түсуге тырысты. Бірақ оны барлығы толық игере алмады... Осыдан-ақ, біз Елбасының жаңа егемен мемлекет құрушылық қызметінің маңызын толық аңғаруымызға болады. Кітапты саралап отырсақ, Н.Назарбаев саясаткер, мемлекет құрушы тұлға ретінде 20 сын-қатерді атап көрсеткен. «Шындығында оның біразын біз еңсердік, кейбіреуі әлі де тұр» дейді автор. Әсіресе мемлекет үшін ең маңызды шешімдер қабылдаған кездегі Елбасының өзінің ашықтығы, адалдығы мен көрегендігі кітаптың мазмұнын тереңдете түскен. Осы жолда өзі және Қазақстан халқы өтуге тура келген тар өткелдер мен сыртқы және ішкі сипаттағы қиыншылықтар туралы әңгімелеген сәттерінде де біз біле бермеген шындық беттері айқындалған. Сондай-ақ Елбасы осы кітаптың үшінші бөлімін «Қалыптасқан мемлекет» деген категориямен тәмамдапты. Автор атап көрсеткендей, мемлекет те – жанды ағза. Шындығында қазіргі таңда қалыптасқан мемлекеттер саны өте сирек. Жалпы әлемде 200-ден астам мемлекет бар. Алайда оның көбі қалыптасып, аяғынан тік тұра алмай тұр. Президенті, Парламенті, Гимні бола тұра мемлекет бола алмайтын елдерді білеміз. Себебі олардың әуел баста іргетасы дұрыс қаланып, бағыты дұрыс жолға қойылмаған еді. Саясаттанушылар қалыптасқан мемлекеттер тізімін қалыптаспаған мемлекеттерден бастайды. Оның басында Ауғанстан, Сомали сияқты мемлекеттер бар. Ал біз қысқа мерзімде қалыптасып үлгерген мемлекеттер қатарына кіреміз. Ол – біздің үлкен жетістігіміз. Тағы бір айта кетерлік жайт, кітаптың адами тұрғыдан тартымдылығы, нанымдылығы оқырманды бірден баурап алады. Кіріспесінен бастап, болашақ жастарымыз бұл мемлекеттің қалай құрылғандығын білсін деген меңзеу бар, – дейді ғалым. Оның айтуынша, кітапты ашып оқыған адам ондағы «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған бөлімдеріне тоқталмай кетпейтіні анық. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалған мерейлі мезеттер автордың шұрайлы тілімен саяси реңкте саралана түскен. Филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев дәуір айнасы болған кітаптың журналистерге жүктейтін міндеті де ауыр екенін айта келіп, тәуелсіздікті тұғырлы етуде бұқаралық ақпарат құралының маңызы ерекше екенін атап өтті. – Нұрсұлтан Әбішұлының бұл кітабы – шын мәнінде Елбасымыз өзі айтқан «Ұлы дәуірдің» жүгін арқалап тұр. Онда тәуелсіздік алғанына екі мүшелден енді асқан Қазақ елінің бұрын-соңды басынан өтпеген өзгерістерді бағындырған шежіресін ғасыр жүгіне балайды. Бұл туралы кітапта: «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс» деп баяндалады. Сондықтан да дәуірге татитындай кезең осылай аталып отыр. Президент кітапта: «заманауи талап-тілекке сай қоғамдық сананы қалыптастыру керек» дейді. Мемлекет басшысының осы сөзіне журналистер қауымы баса назар аударғаны жөн. Яғни журналистиканың негізгі міндеті – қоғамдық пікірді қалыптастыру. Теледидардан, радиодан берілген хабарларды көбінде жарқ-жұрқ еткен әртістер жүргізіп, әртүрлі жеңіл әңгімелерді айтып кеткен кезде көрермен, тыңдарман қауымның риза болмай жататын себебі де содан. БАҚ ең алдымен қоғамдық пікірді қалыптастыруы, содан қалған уақытта ғана дамыған, қалыптасқан елдер сияқты адамдарды демалтып, сергіту үшін жұмыс жасауы керек, – деп сөзін түйіндеді профессор. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов ел энциклопедиясы болған үлкен еңбектің мазмұнына тереңдей бойлап, кітаптың әр тарауына тоқталды. – Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – егемен Қазақстанның эпосы, эпопеясы. Кітапта төрт бөлім бар. Төрт бөлімде 260 тақырып қамтылған. Ол – халықаралық, ғаламдық деңгейдегі мәселелер, ұлттық, республикалық деңгейдегі мәселелер, ауылдық және аудандық деңгейдегі мәселелер. Осының ішінде 1991 жыл мен 2017 жылдың арасындағы 33 бас нәтиже іріктеліп келген. Яғни 260 тақырып – 260 оқулық, 260 шығарма деген сөз. Сондықтан бұл эпос, эпопея дер едім, – деді Серік Негимов. Жиынды қорытындылаған Дархан Қыдырәлі қатысушыларға алғысын білдіре отырып, Мәңгілік ел болуды мұрат еткен жасампаз мемлекеттің жылнамасындай болған осы еңбекті Тәуелсіздік дәуірінің айнасы деп бағалады.
«Егемен Қазақстан» (egemen.kz)
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, Мирас АСАН, Майгүл СҰЛТАН,
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР