Айтыс ақындарының білімі мен танымын арттыру қажет

Жаңалықтар
29.10.2014, 15:05

 

Қазақтың дәстүрлі өнерінің бірегейі – айтыстың деңгейін, беделін көтеру үшін ақындардың білімі мен танымын арттыру қажет. Себебі қазіргі жас ақындар ізденудің, білімнің жетіспеушілігінен әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды тереңнен толғап айтуда кемшін түсіп жатыр. Өткен аптада «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен келелі кеңесте осындай пікір айтылды.

Қоғам қайраткерлерінің, айтыстың басы-қасында жүрген азаматтардың, айтыскерлердің қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырысында тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнерінің дамуы, мәселелері және болашақ бағыты қарастырылды.

«Айтыс және елдік мүдде», «Айтыс өнерінің бүгіні мен болашағы», «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру мәселелері» сынды тақырыптарды талқылаған қатысушылар ақындардың білімі мен танымын арттыру ісіне де айрықша тоқталды.

«Жалпы, бұрынғының ақындары мектеп, университет бітірмеді дегенмен, көп тұста қазіргі оқығандардан әлдеқайда артық еді. Олардың білмейтіні жоқ еді. Қазақтың түп-тамырын таратып айтатын еді. Соған қарамастан, айтыстың алдында сол ақындардың өзін оқытатын. Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, ағаларымыз, көптеген ғалымдар, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың өзі сабақ беретін», - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков.

Бұл ойды құптаған ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы-термеші Бекболат Тілеухан бүгінгі ақындардың арасында «бұрынғының жыраулары ешкімнен қаймықпай, ашық айтқан» дегенді желеу етіп асыра сілтеп жіберетіндердің жеткілікті екенін тілге тиек етті. Осыған тоқтам болуы үшін айтыскерлердің ішкі мәдениеті мен саяси сауатын арттыру қажет деген пікірде қоғам қайраткері.

«Сондықтан, ақындардың деңгейін көтеру үшін тренингтер өткізу қажет», - дейді ол.

Ақын Аманжол Әлтаев та: «Әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды Әселхан, Әсия апаларымыз секілді, Бекарыс, Оразалы, Мұхаметжан, Мэлс бауырларымыз секілді жіліктеп айту, сараптап айту, кешенді түрде тереңнен толғап айту дәстүрі қазіргі жас ақындарда ізденудің, білімнің жетіспеушілігінен кемшін түсіп жатады», - дейді.

Осы орайда, М.Жолдасбеков Өнер академиясының жанынан ашылған айтыс өнерін оқыту курсына көптеп грант бөлу мәселесін ұсыныс ретінде ортаға тастады. Ал, Мәжіліс депутаты, жазушы Алдан Смайыл Ұлттық академия жанынан ашылған орталықты ақындар бір-бірімен тәжірибе алмасатын, жоғары лауазымды тұлғалармен кездесетін беделді орынға айналдыруды ұсынды.

Айта кетейік, отырыс соңында осы айтылған мәселелермен қатар, Партия назарына айтыс шараларын бір орталықтан үйлестіру, айтысқа жастарды ынталандыру мақсатында аудандық, облыстық деңгейдегі сайыстарды жиі ұйымдастыру, айтысқа мемлекеттік мәртебе беру сияқты бірқатар мәселелер ұсынылды. 

Жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Арман Қырықбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы Бекболат Тілеухан, және есімі елге кеңінен танымал Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Айнұр Тұрсынбаева сынды 30-ға тарта айтыскер ақын қатысты.

 

Сұхбат

PhotoRoom