ПРЕЗИДЕНТ НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕДІ (видео)

Жаңалықтар
09.02.2018, 23:33

1518168015_article_b_1500_

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 11 өңірінде құрылған арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы тексерілетінін айтты. Себебі, олардың біразы істен шығып, тоқтап тұр. Ал әкімдер болса, мәселенің мән-жайын анықтамай, жаңадан экономикалық аймақ құруға асық. 2017 жылдың қорытынды есебін тыңдаған Президент министрлер мен әкімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.

https://www.youtube.com/watch?v=JCxGIh_pOq4

Отырыстың екінші бөлігінде Президент орындалуы тиіс мемлекеттік бағдарламаларды өзінде бар ақпармен салыстыра отырып, тексеріп шықты. «Нұрлы жол» бойынша екі жылда Астананы еліміздің барлық өңірлерімен байланыстыратын 2000 шақырым автомагистраль салынды. 2017 жылы 4000 шақырым автожолда құрылыс және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Президент Үкіметке енді елді мекендердің, аудан мен ауылдарды жалғайтын жолдарды қалпына келтіруді тапсырды.   3 жыл ішінде 1 376 шақырым темір жол салынды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қазақстандағы 3 мың шақырымдық бөлігі толығымен аяқталды. Нәтижесінде транзиттік жүк көлемі 18,1 млн. тоннаға дейін артты. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында елімізде 130 млн. шаршы метр пәтер салынып, бір миллион екі жүз мың отбасы баспанамен қамтылды.  2017 жылы рекордтық 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Алайда, бұл бағдарламада кемшіліктер де жоқ емес», - деді Президент. Енді, құрылысты мемлекет емес, банктер қаржыландыратын болады. Ал, Үкімет бағаны төмендетуге күш салуы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  - Екі жылдың ішінде үй салу мәселесіне мемлекет 550 млрд. теңге жұмсады. Бұл құрылысты тікелей қаржыландыру. Дағдарыс жылдарында жол карталарын әзірлеген кезде тиісті қолдау шараларын жасауға бет бұрды, яғни, бұл дұрыс қадам болды. Енді, осы қаржыны нарықтық тетіктермен пайдалануға көшу керек. Құрылысты банктер қаржыландыруы тиіс, ал Үкімет, Ұлттық банк, әкімдер баспана құнының арзандауы үшін жағдай жасауы қажет. Егер банктерге берсек, ақша бақылауда болады. Банктер жауап береді. Олар қайтарады. Үкіметтің алдында есеп береді. Тәуелсіздік жылдары елімізге 300 млрд. долларға жуық тікелей инвестиция құйылды. Оның 25%-ы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Елбасы шетелдік инвесторларды тарту әлі де тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын айтты.    Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыруды кейінге шегерді. Себебі, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар заңдастырылмаған. Олардың ресми тіркеуі жоқ. Яғни, салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне қатыспайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлерде бірталай жұмыс атқарылды. «Латын әліпбиіне көшу бойынша барлық ұсыныс ескеріліп, нақты шешім қабылданады», - деді Елбасы. Бірқатар әкімдік рухани жаңғыруды желеулетіп, барлық іс-шараны бағдарламамен байланыстырып жіберген. Елбасы осы істің басы-қасында жүрген кейбір әкімдерді сынға алды.  Жиын соңында Елбасы алдағы жоспарларды түзіп, тиісті ведомство басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Дулат НУРКИН

http://kaztrk.kz

Сұхбат

PhotoRoom