Ақмола горнизонының әскери соты ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламановты 27 желтоқсанға дейін тұтқынға алу туралы үкім шығарды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Әскери сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Алынған мәлімет бойынша, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Н.Жоламанов ҚР ҚК 311-бабы (Пара алу) 5-бөлімі және 235-бабы (Бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу) 3-бөлімі (Трансұлттық қылмыстық қоғамдастық (трансұлттық қылмыстық ұйым) құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу) бойынша тұтқынға алынған.
Естеріңізге салайық, 27 қазанда Қазақстан Республикасы ҰҚК жеке қауіпсіздік бөлімшесі ҚР ҰҚК Шекара қызметінің лауазымды тұлғалары тарапынан қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланған фактілерге жүргізген тексеру шеңберінде қылмыстық іс қозғалды. Аталмыш қылмысты жасады деген күдікпен Шекара қызметінің директоры Н. А. Жоламанов ұсталған болатын.
Ақмола гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметінен атап өткендей, қамауға алу уақыты ұзартылуы мүмкін. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Нұрлан Жоламанов ҚР Шекара қызметінің директоры болып 2013 жылдың қаңтарында тағайындалған еді. Әр жылдары ҚР ҚК құрлықтағы әскерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері басқармасының бастығы, ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы шекара командалық училищесінің бастығы, Бас штаб бастығының орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының әскери дайындық басқармасының бастығы, ҚР ҚК құрлықтағы әскерлерінің қолбасшысы, Қорғаныс министрлігі штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, қорғаныс министрінің орынбасары болған.