Қоғамдық мәселелерді зиялы қауым өкілдері мен белгілі сарапшылардың қатысуымен талқылауды дәстүрге айналдырған «Аманат» интеллектуалды пікір сайыс клубы ертең жұмысын қайта жалғастырады. Клубтың жаңа маусымдағы алғашқы тақырыбы «Қазақ хандығына 550 жыл: тарихи, идеологиялық өлшемдері» деп аталды.
Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы активімен кездесуінде «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн», – деп мәлімдеген болатын.
«Қазақ хандығының 550 жылдығы» тақырыбы қоғамда қызу талқыланып, тарихи мерекені қалай тойлау керектігін айтып, ұсыныстар білдіріп жүр. Елбасының ұсынысын мемлекеттік идеология тұрғыда қалай жүзеге асыруымыз керек? Осы мақсатта, «Аманат» ИПК 6-қараша күні сағат 14-00-де елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар - Бүркіт Аяған, Дархан Қыдырәлі, Сұлтанхан Аққұлұлы, Ерлан Қарин, Берік Уәли, Зиябек Қабылдинов, Жамбыл Артықбаев, Алмас Тұртаев, т.б. қатысып, пікір алмасады. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері айтулы оқиғаның ақпараттық саясатына қатысты ойларын ортаға салады.
Уақыты: 6-қараша. Сағат – 14-00де.
Өтетін орны: Астана қ., Тәуелсіздік к., 57, Бейбітшілік және келісім сарайы, 2 қабат, Халықаралық Түркі академиясының кітапханасы