Қазақстан өзінің экономикалық ахуалын жақсартып, қаржылық активтері 100 млрд АҚШ долларына дейін артты. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Қазақстандағы қаржыландырудың өсуі» форумында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов телекөпір арқылы айтты.
"Қазір біздің елімізде өмір сүру деңгейі жоғары. Біздің еліміз шығыс пен батыс арасында экономикалық өсімді қамтамасыз етіп отыр. Бүкіләлемдік банктің хабарлауынша, Қазақстан - орташа табысты ел. Сол уақыт аралығында жұмыссыздық 50 пайызға азайып, біздің экономикамыз Ұлыбритания, АҚШ елдерінің экономикасынан жылдамырақ дамыды», - деді К.Мәсімов.
ҚР Үкімет басшысы жан басына шаққандағы табыс көлемі 15 есе, қаржылық активтер 10 млрд АҚШ долларына дейін артқандығын атап өтті.
«Өсім статистикасы халықтың тұрмыстық жағдайының жақсаруымен байланысты», - деді К.Мәсімов.
ҚР Үкімет басшысы елдегі қаржылық қызмет индустриясының дамуы үшін келешекте жасампаз идеялар туындап отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» бағдарламасында ел дамуының ұзақ мерзімді даму стратегиясын көрсетті. Бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен процестерді ілгерілетуге және Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енгізуге бағытталған. Әрине, бұл жерде Алматының рөлі зор", - деді Мәсімов.
Оның айтуынша, Қазақстан қаржылық индустрия саласында бірқатар жетістіктерге жетті.
«2006 жылдан бастап, ҚР Үкіметі аймақтық қаржылық орталықты дамыту үшін инфрақұрылым жүйесін салып, адам капиталын дамытып, регуляторлық ортаны дамытуға бар күшін салып келеді. Бұл аймаққа келетін инвестиция ағынын көбейтуге септігін тигізеді», - деді ол.