«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру аясында ТарМПУ студенттерімен кездесу өтті. Жаңа Жолдаудың жастар үшін маңызы зор, себебі, Президент 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Қазақстанның алдағы дамуы, осы реформалардың орындалуы тікелей жастардың қолында. Сондықтан, бүгінгі жастар білімді, жаңа технологияларды жіті меңгерген кәсіби маман болуы қажет.
Кездесу барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Е.Әмірбекұлы және т.б. жас белсенділер биылғы Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен міндеттерге тоқталып, облыс жастарын атсалысуға шақырды.
Алты тараудан тұратын жолдауды жастарға талқылап, таныстыру жұмыстарына Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәтен Мәди Мейірбекұлы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Қадралиев Айбек Амансейітұлы мен Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қарабаев Нұрсейіт Ғалымжанұлы атсалысты. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ел басының жолдауымен танысқан студенттер қауымы, өздері жете түсіне қоймаған құжаттағы кейбір тұстарды және көкейді мазалаған сұрақтарды келген қонақтарға қойып, қанағаттандырарлық, мардымды жауап алды.
Кездесуге өңірдегі үкіметтік емес жастар ұйымдарының көшбасшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілері мен студенттері қатысты.
Жастар – еліміздің ең белсенді өкілдері саналады. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастардың сапалы білім алып, салауатты өмір салтын ұстануына, қоғам өміріне жүйелі түрде араласуына үлкен мүмкіндік жасап келеді.
Ел жастарының шетелдің беделді жоғарғы оқу орындарында білім алуына да бар жағдай жасалған. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен шыққан жас өрендер әлемге әйгілі университеттерде білім алып, өз Отанының болашағы үшін қызмет етуде.
Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылығы Елбасы жолдауының жүзеге асырылуына жастардың да атсалысуы керектігін бастан-аяқ түсіндіріп, ел өмірін гүлдендіруге өз үлестерін қосуға шақырды.
Бүгінде Елбасы жолдауы еліміздің әрбір аймағында қызу талқылануда.