Италия бізді ЭКСПО көрмесіне шақырды

Жаңалықтар
10.11.2014, 11:40

Италия тарапы қазақстандық кәсіпкерлерді 2015 жылы Миланда өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне шақырды. Бұл туралы бүгін Астанадағы Қазақстан-Италия экономикалық форумында шетелде италияндық компанияларды алға жылжыту жөніндегі агенттіктің президенті Риккардо Монти мәлім етті.

«Біз Қазақстан тарапымен ЭКСПО-ға қатысу мәселесі тұрғысында жұмыс істеудеміз. Осы орайда алты ай бойы өтетін көрме барысында қазақстандық кәсіпкерлерді Миланнан бөлек, өзге де италияндық кластерлер аясында дамып келе жатқан өңірлерді аралап шығуға шақырамыз», - деді Р.Монти.

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және министрлігі Инвестиция комитетінен Ерлан Хаиров Қазақстандағы 2017 жылғы ЭКСПО-ға бірінші кезекте шетелдік мемлекеттер қатысатындығын, осыдан кейін трансұлттық компаниялар қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті.

«Қос тарап та бір-бірін көрмеге қатысуға шақырту жасады. Олар бізді 2015 жылғы Италиядағы көрмеге, ал Қазақстан 2017 жылы Астанада өтетін көрмеге шақырды», - деді Е.Хаиров.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Миланда өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің тақырыбы азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемаларына арналып отыр.

Сұхбат

PhotoRoom