Украинадағы дауласушы тараптар Минск келісімін ұстанулары тиіс. Бұл туралы ГФР Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен болған кездесуден соң ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Мен бүгін кешке Берлинге қайта оралғаннан кейін, Еуропалық одақтың сыртқы саясат істері жөніндегі өкілімен кездесемін де, Украинадағы ахуалға қатысты пікір алмаспақпын. Ол жақтағы жағдай ушығып кеткен, меніңше, осы қақтығыстарға қатысы бар барлық тараптарды, оның ішінде сепаратистерді, сондай-ақ ресейліктерді минскілік протоколды ұстануға қайта үндеуіміз шарт», - деп атап өтті ол тілшілердің қойған сауалына.
Еске сала кетейік, қыркүйек айында Ресей және ЕҚЫҰ-ның қатысуымен Киев билігі мен шығысукраиналық жасақ Минскіде келіссөздер жүргізіп, Донбасстың бірқатар өңірлеріне ерекше мәртебе беретін жаңа заңды қабылдау жөнінде уағдаласқан болатын. Дегенмен кейін Киев бұл заңды қайтарып алды. Екі тарап та бұл келісімді орындамағаны үшін бір-бірін кінәлауда.