"Нұр Отан" саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

Жаңалықтар
11.11.2014, 11:57

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуімен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онда партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудың 2,5 жыл ішінде атқарылған шараларының кезеңдік нәтижелері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылға арналған Бағдарлама жобасы талқыланады. 

«Биыл «Нұр Отан» партиясына 15 жыл толады. Осы уақыт ішінде партия жауапты шешімдер қабылдайтын, елдің арасында беделі көтеріліп, нағыз халықтық партия екенін дәлелдеп, көпшіліктің сеніміне ие болып келеді. Өткен Парламент сайлауында, Президент сайлауында біздің партияның халық арасындағы беделінің артқанын көріп келеміз. Осы жолда жұмысты жалғастыра беру керек. Екіншіден, біздің халықтық тұғырнамамыз бар, 2017 жылға дейін. Бұл уақыт әлі келген жоқ, дегенмен, осы жылдар арасында не істедік, қандай кемшіліктер бар, болашақта не істеуіміз керек, осы жөнінде Саяси кеңестің отырысын өткізіп отырмыз», - деді Н.Назарбаев кеңес отырысын аша отырып.

Бұдан бөлек, Елбасы сайлауалды жоспарларды іске асырудың жүйелілігі - бұл партияның ұзақмерзімді лидерлігінің базалық элементі екенін атап өтті.

Вице-премьер Б.Сағынтаев «Нұр Отан» партиясының 2017 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында Үкімет алдында бірқатар экономикалық-әлеуметтік маңызы бар міндеттер қойылғанын атап өтті. Осы мақсатты іске асыру барысында елдің әлеуметтік дамуында көптеген оң қорытындыларға қол жеткен.

«Мәселен, сайлауалды тұғырнаманың 70 көрсеткіштің 49-ы бойынша оң нәтижелер алынған. Соның ішінде 16 көрсеткіш мерзімінен бұрын орындалды. Қалған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізу үшін Үкімет тиісті шараларды қабылдауда», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, ағымдағы әлемдік күрделі экономикалық ахуалдың қалыптасуына қарамастан, он айдағы ІЖӨ-нің өсімі 4 пайызды құраған, ал инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде сақталып отыр. Еліміздің халықаралық активтері де қарқынды өсуде.

Дариға Назарбаева «Біздің партиямыз Қазақстанның халқы мен биліктің бірлігін қалайтын Елбасы партиясы. Бұл Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының Елбасы мен халық алдындағы жоғары жауапкершілігін айқындайды. «Қазақстан. Мақсаттар - 2017. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын іске асыруда заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету - бұл Парламентте басым бөлікті құрайтын «Нұр Отан» партиясы жұмысының басты мәні», - деді.

Оның атап өтуінше, 5-ші сайланған Мәжіліс жұмысының 3 жылға жуық кезеңінде 258 заң жобасы мақұлданып, Парламент Сенатының қарауына жберілген. Олардың 240-тан астамы заң ретінде күшіне енген.

«Партия депутаттары заң жобаларына қазақстандық сайлаушылардың абсолюттік басым бөлігінің мүдделері мен сауалдарын көрсететін 15 мыңнан астам түзетулер мен толықтырулар енгізді. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының фракциясы бүкіл заңнамалық базаның сапасын жақсартатын бүкілхалықтық сараптаманың маңызды тетігі болды. Басқа да парламенттік партиялармен өзара іс-қимыл бойынша мол практикалық тәжірибе жинақталды. Біз олармен халықтың, қоғамның, мемлекеттің жоғары мүдделеріне қатысты мәселелер бойынша тиімді әріптеспіз», - деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.

Сұхбат

PhotoRoom