Тұрғын үй шаруашылығын цифрландырудан пайда мол. Халықтың жайлы өмір сүруі, баспанадағы сан түрлі түйткілдердің уақтылы шешім табуы – тұрғын үй-коммуналық шаруашылығы аясында қарастырылады. Сондықтан, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ел экономикасының дамуына елеулі ықпал жасайтын маңызды сала екендігін атап өткен жөн. Елімізде бұл салада қордаланып қалған күрделі мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаражат бөлініп, цифрлы трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту көзделіп, ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету назарға алынған.
Өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында да электр энергетикасы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйе құрылғанынан хабардармыз. E-Shanyraq деп аталатын жүйе Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірегей цифрлы платформа құруға бағытталған. Цифрлы экономика құралдарын қолдана отырып, сектордың барлық қатысушыларын бір ақпараттық арнаға біріктіру арқылы аталған саланың қандай жағдайда тұрғаны және одан әрі жылжу үшін қандай қадамдарды жасау керектігін айқындайтын болады. Елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының негізгі түйткілді мәселелерін зерттей отырып, оны заманауи технологиялардың көмегімен шешу жолдарын қарастырады.
Қуандық Бекенов, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту орталығы басшысының орынбасары,
- «Бұл жүйенің мақсаты – елімізге экожүйені енгізе отырып, барлық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді жинау. Нәтижесінде, тұрғындар үшін коммуналдық қызметтің жұмысында ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, яғни олар өздерінің шығындарын, қарыздарын көре алады. Арыз-шағымдарын жіберуіне болады. Ал, мемлекет коммуналдық қызметтің жұмысын қадағалап, шағымдар мен өтінімдерді қарай алады. Сондай-ақ, монополиялық субьектілердің жұмысын жеделдетеді», -деді басқарудың тиімді әдістерін қолдану, инновациялар мен энергия үнемдеу технологияларын енгізу негізіндегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту конференциясында.
Баршаға белгілі, отандық коммуналдық қызметтерді модернизациялау және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту міндеті «Аймақтарды 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы» арқылы іске асырылады. Соның нәтижесінде, көптеген үрдістер автоматты режимге ауыстырылады. Бұл бірінші кезекте тұрғындар мен коммуналдық қызметкерлері үшін тиімді.