Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, Алматы облысы әкімдігі дін істері басқармасының бастамасымен былтыр «Рухани керуен» жобасы қолға алынған болатын. Бағалы бағдарламадан туындаған байыпты бастамаларды елге насихаттап, өңір-өңірді аралап, жұртшылықтың жүрегіне жеткізуді өз міндетіне алған жетісулықтар жақында Жамбыл өңіріне де ат басын бұрды. Алматы облысының «Жер жәннаты - Жетісу жерінен көне Тараз өңіріне» атауымен облысымызға сапарлап келген аталған керуен құрамында елге танымал тұлғалар, Алматы облысының Құрметті азаматтары, білікті дінтанушы ғалымдар, өз ісіне жетік мамандар мен мәдениет, өнер майталмандары да бар. Оларды апта басында шаһардың шығыс қақпасынан Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов пен облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров бастаған топ айрықша қошеметпен күтіп алды.
Сонымен қатар, аталмыш жобаның бірқатар мүшелерімен облыс әкімі Асқар Мырзаxметов те кездесті. Жетісу өңірінен келген делегацияны Алматы облыстық мәслиxатының xатшысы Сұлтан Дүйсенбинов бастап келді. Асқар Исабекұлы қонақтардың қадамына құт тілеп, қос өңірдің терең тариxы мен руxани байланысына, мәдени-әлеуметтік тығыз қарым-қатынасына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын тілге тиек етті.
Кездесуде Алматы облысының Құрметті азаматы, «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері Әлімғазы Райымбеков, Сұлтан Дүйсенбинов және өзгелер сөз алып, орамды ойларын ортаға салды. Екі тарап бір-бірлеріне сыйлықтар – өңір тариxынан сыр шертетін кітаптар табыс етіп, естелік үшін суретке түсті.
Меймандар аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен жүздесуді «Достық» үйінен бастады. Онда «Рухани жаңғыру: дін – дәстүрім, салтым – санам» тақырыбында сурет және кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» тақырыбында кездесу өтті. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков көне Тараз жеріне қадам басқан қадірлі қонақтарға ілтипат көрсете отырып, «Рухани керуен» жамбылдықтардың рухани кемелдене түсуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.
Басқосу барысында сөз алған Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген, елдің бірлігі мен тұтастығы үшін күн кешкен Төле би, Бөлтірік шешен, Ақтанберді, Жамбыл, Кенен сынды дана, би-шешендер мен ақын-жыраулар және Кеңес Одағының Батыры, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы шыққан өңірге аяқ басып отырғанын айрықша сезіммен жеткізді.
– Ұлтқа ортақ ұлы тұлғаларымыздың өшпес ізі қалған киелі Тараз жерінде ел қамы үшін елеулі орны бар осындай маңызды шарада сіздермен жүздесіп отырғанымызға аса қуаныштымыз. Ең алдымен шығыс пен батыстың, мәдениет пен өркениеттің алтын көпірі – Ұлы Жібек жолының ізімен келіп отырған «Рухани керуенді» жылы шыраймен қабылдап отырғандарыңызға зор алғыс білдіреміз.
Елбасымыздың бүгінде ел мүддесіне бағытталған дәстүрлі Жолдаулары кемел болашақты тануымыз үшін жасалып отыр. Соның ішінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама жаңа дәуірде жасампаз ұлт болуымызға, ұлттық құндылықтарды құнттап, жаңғыртуға бастайды. Әсіресе, ұлттық код пен біртектілікті сақтауда маңызы айрықша, – дей келе Сұлтан Мырзабекұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысында осы күнге дейін атқарылған істерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Кездесуде Алматы облысы дін істері басқармасы мен Жамбыл облысы дін істері басқармасының арасында әріптестікті арттыру мақсатында меморандумға қол қойылды. Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтің айтуынша, «Рухани керуен» жобасының басты мақсатының бірі деструктивті ағымдардың жетегіне кеткен жастарды тура жолға түсіру екен.
Жалпы, «Достық» үйінде өткен жиын «Рухани қазына» атты Алматы облысының ұсынған концерттік бағдарламасына ұласты. Сондай-ақ, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде де «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» тақырыбында діни бірлестік жетекшілерінің қатысуымен жиын өтті. Ал, Тараз сервис және технологиялар колледжінің мәжіліс залында өрбіген «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбындағы басқосу жастарға арналды. Бұдан кейін қонақтар үшін тарихи және мәдени орындарға экскурсия ұйымдастырылды.