«Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары аясында «TARAZ TOUR» мобильді қосымшасы іске қосылды. Оның мақсаты - Жамбыл облысындағы туристік нысандарды халыққа жаңа заманауи форматта таныстыру, әрі осы арқылы облысқа туристердің қызығушылығын арттыру.
Енді осы қосымшаның көмегімен туристердің аймақтың көрікті жерлерімен қатар тарихи-мәдени нысандары туралы толық мағлұмат алуына және кеңінен танысуына жол ашылып отыр.
«TARAZ TOUR» мобильді қосымшасы Жамбыл облысының тарихи және мәдени орындарын насихаттауға арналған және облыстағы 20 тарихи-мәдени нысандарға QR-кодтар орнатылған. Ұялы телефонның көмегімен мобильді қосымшаны «App Store» немесе «Play Market» дүкендері арқылы жүктеп, тегін түрде кез-келген жерде қолдануға болады. Тарихи-мәдени нысандарда орнатылған QR стендке жүктемені жақындатып, тарихи-мәдени ескерткіштер жайлы қазақша, орысша, түрікше, қытайша және ағылшын тілдерінде толыққанды мәлімет ала аласыз.
Арман Есенқожинов «TARAZ TOUR» қосымшасын құрастырушы:
-«Сондай-ақ панорамалық түсірілімдер де бар, яғни ол үлкен көлемді суреттер. Әр қолданушы ол жерге өз пікірін, ойын, жазбасын қалдыруға болады, бұл сервистік қызметтің өрістеуіне жол ашады»,- дейді.
Қосымшаны ойлап тапқан мамандар мұнда мекен-жайды да енгізген. Яғни турист осы арқылы қайда жүргенін біліп, келесі бағытын жоспарлай алады. Аталған қосымша интернетпен де, интернетсіз де жұмыс істей береді, өйткені кез келген нысанда интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жоқ.
-«Мұнда тарихшылардың жұмысы бөлек, мәдени басқармасының жұмысы бөлек мәселе де, ал біздің туризм басқармасының жұмысы, негізгі мәселесі – біз бірдеңені ойдан тауып шығарсақ та ең бастысы туристің келуіне ықпал жасау. Әрине, мобильді қосымшаға жаңа нысандар қосылып жатса, ол толықтырылып, жаңарып отырады»,- дейді, Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Бұл бағдарлама аймақта туризм саласының дамуына кең жол ашқалы тұр. Енді өңірге саяхаттап келген туристер еш қиналмастан, көне жәдігерлердің тарихымен таныса алады.
Айта кету керек, қосымшаны Жамбыл облысы әкімдігі Туризм басқармасының «Тараз-туризм» туристік ақпараттық орталығы мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі бірлесіп жүзеге асырып отыр.