Д. Назарбаева Президент Жолдауына қатысты пікірін айтты

Жаңалықтар
13.11.2014, 13:09

Алматыда өтіп жатқан халықты шоғырландыру мен дамуы бойынша Орталық Азия парламентшілерінің форумында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева Елбасының халыққа Жолдауына қатысты өз пікірін білдірді.

Оның пікірінше, жаһандық экономиканың даму болжамының пессимистік сипатына қарай жаңа құжат Қазақстанды сыртқы факторлардың қауіп-қатерінен сақтауға көп көмегін тигізеді.

«Мемлекет басшысы келешектегі үш жылда жүзеге асырылуы тиіс «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Әңгіме ел экономикасын барлық сала бойынша, атап айтқанда, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар - көліктік-логистикалық инфрақұрылым, жол, мемлекеттік жалға берілетін пәтерлер, энергетикалық қуатты арттыру нысандарын салу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жайлы болып отыр. Қаржы Ұлттық қордан және халықаралық институттардан бөлінетін болады. Аталған шаралар ел экономикасы мен әлеуметтік саласының қарқынды дамуына сеп болары сөзссіз», - деді Дариға Назарбаева.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары мемлекеттік саясаттың бірлік пен қауіпсіздік мәселелеріне, әлеуметтік жағдайдың артуы, әлеуметтік қамсыздандыру, репродуктивтік денсаулықтың нығаюы, білім беру, жұмыспен қамту, мәдениет, қоршаған орта, гендерлік теңдік бағытына басымдық беріп отырғандығын атап өтті.

«Территориясының үлкендігі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстан үшін демография мәселесі үлкен маңызға ие. 18 жасқа дейінгі балалардың саны 5 млн.-ды құрайды. Олар халықтың үштен бір бөлігін құрайды. Жыл сайын қазақстанда 300 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Яғни, халық саны жылда бір қаланың халқына көбейіп отыр. Мемлекеттік жәрдемақы алып отырған балалы отбасылардың саны - 1 млн. Жалпы, Қазақстан барлық көрсеткіштер бойынша тұрақты даму көрсеткіштерін көрсетіп келеді. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 13,6 мың долларды құрады. Соңғы 15 жылда қазақстандықтардың табысы 16 есе артты. Төменгі күнкөріс деңгейінде өмір сүріп жатқан халықтың саны 12,5 есе азайды. Осы жұмыстың біріккен нәтижесінде халықтың орташа өмір сүру жасының 70,4 жасқа жеткендігін атап өту керек», - деді.

Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom