ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЖАҢА СЕРПІЛІС

Жаңалықтар
05.11.2018, 15:12

Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және 10 айдың қорытындысы туралы баяндаған әкім, осы уақыт аралығында ауданның  жалпы шығарылған өнім  көлемі 49 млрд. 193,3 млн. теңгені құрағанын айтты.

Жамбыл ауданында барлығы 42 елдімекен болса, соның бүгінде 29-ы көгілдір отынмен қамтылған. Қазіргі кезде 13 ауылды газдандыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұған қатысты бірқатар мәселенің шешімі табылса, келер жылы қалған елдімекендерге газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынбақшы. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданда барлығы 2 390 агроқұрылымдар жұмыс жүргізуде; оның ішінде 3 өндірістік кооператив, 25 ауылшаруашылық кооперативі және 2 362 шаруа қожалықтары. Шығарылған өнім көлемі ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 21 млрд. 298,4 млн. теңгені құраса, өсімдік шаруашылығында 12 млрд. 785 млн. теңгеге өнім өндірілген. Ал мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 8 млрд. 482,8 млн. теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар, аудан көлемінде ірі-қара мал басын 41 мыңға жеткізу көзделуде. Ет экспорттау бойынша 110 тонна меже қойылған болса, бүгінде оның көлемі 285-ке жеткен. «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша осы жылы 1 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, жаңа жылға дейін екінші үйдің құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Бақыт Алпысбайұлының айтуынша, Жамбыл ауданында ағымдағы жылға кәсіпкерлікті дамыту картасына 2 жобаны енгізу жоспарланып отыр. Олар Қарой ауылдық округінен «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысы мен Айшабибі ауылдық округінен «Супер Фарм» ЖШС-нің «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысы.

«ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысының жобасы Қытай Халық Республикасының «Визон Инжиниринг ЛТД» компаниясымен бірлесе іске асырылады. Жоба құны шамамен 16 млрд. теңгені құрайды. Жер көлемі – 16,0 га. Нәтижесінде, 108 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жобаның бас жоспары мен техника-экономикалық негіздемесі әзірленген. Сондай-ақ, «Визон Инжиниринг» компаниясымен жобаны іске асыру бойынша алдын-ала тиісті келісім-шарт жұмыстары жүргізілген. Қытайлық инвестор компания тарапынан жобаның сметалық құжаттары әзірленуде.

Ал Айшабибі ауылдық округінен «Супер Фарм» ЖШС-нің «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысының жоба құны шамамен 3,5 млрд. теңге. Сондай-ақ, 250 адам жұмыспен қамтылатын жобаның жер көлемі – 1,5 га құрап отыр. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, аталған екі жоба Жамбыл облысының Индустриаландыру картасына енгізілген.

Сұхбат

PhotoRoom