Облыстық драма театрында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, онда филиалдың соңғы екі жылда атқарған қызметтері кеңінен талқыланды.
Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің, Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, партия Тараз қалалық, аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар, этно-мәдени бірлестік жетекшілері, ҮЕҰ төрағалары, саяси партиялар, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Алқалы жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов партия облыстық филиалының екі жылда атқарған жұмыстары мен жетістіктері, алда тұрған межелі міндеттері туралы баяндады.
Қазіргі таңда облыс бойынша 337 бастауыш партия ұйымы және онда 69 039 партия мүшесі бар. Партия мүшелері қатарында белсенді жастар, өндіріс саласындағы жас мамандар, шағын және орта бизнес өкілдері, спортшылар мен мәдениет саласының қызметкерлері және мемлекеттік қызметті атқарып жүрген белсенділер бар. Сонымен қатар, жиын барысында ағымдағы жылдың шілде айынан бері партияның 20 бастамашыл жобасының қолға алынғаны айтылды. Сондай-ақ, 8 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды қамтитын «Балаларға арналған тегін IT сыныбы» жобасының аяқ алысы туралы да кеңінен баяндалды. Жоба шеңберінде бағдарламалау, 3D-модельдеу және робототехниканы тереңдетіп оқыту ұйымдастырылған. Жалпы алғанда, жоба бүкіл ел бойынша 1000 IT-сыныбын ашуды жоспарлап отыр екен. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде 697 сынып ашылған. Аталмыш жоба бойынша Тараз қаласы мен аудандарында балаларға арналған тегін 12 ІТ сыныптары ашылып, онда 1300 оқушы білім алуда.
–«Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігінің өсу динамикасы 68 пайызды құрап отыр. Биылғы Жолдауда да азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат мәселесі ерекше көтерілді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, оларды оңтайландыру және автоматтандыру мәселесі бар. Осыған байланысты партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссиясы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына тоқсан сайын зерделеу жүргізіп, жергілікті атқарушы органдардың электронды қызмет көрсетуіне байланысты нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. «Цифрлық партия» жобасы аясында жер қатынастары мен құрылыс саласында ашықтық орнатуда партияның «Геоақпараттық онлайн сервис» жобасының толықтай іске қосылуын облыс әкімдігінің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы басқармаларымен бірлесе отырып жүзеге асыратын боламыз. Сондай-ақ, «Партиялық жаңғырудың 2018-2020 жылдарға арналған нақты жоспарында» кадрларды ілгерілетудің жүйелі де біртұтас тәртібін қалыптастыру бойынша партиялық кадрлық резервтің жаңа Ережесі партия Орталық аппараты тарапынан әзірлену үстінде. Мұндағы басты міндет, өкілді органдар мен партия органдарына тек партиялық кадрлық резервтен ұсыну механизмі нақты белгіленеді деп күтілуде. Ұрпақтар сабақтастығын ескере отырып, «Жас Ұлан», «Жас Қыран» бірыңғай балалар ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасаудың жаңа бағыттары қолға алынды. Облыс бойынша жасұландықтардың саны 28 168 мүшеге өсіп, жасқырандықтардың саны 41 083 мүшеге жетті. Жалпы екі жылда атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы межелі міндеттерді орындауда аянбай еңбек етеміз деп сенемін,» – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Сонымен қатар, есеп беру-сайлау конференциясында партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Жарылқасын Айтақов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Жалпы «Нұр Отан» партиясының өңір тұрғындарының әлеуметтік-саяси өміріндегі рөлі ерекше. Себебі, партия мүшелері мемлекеттік саясат басымдықтарын тұрғындарға түсіндіруде, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуында ашықтықты қамтамасыз етудегі ықпалы көп. «Нұр Отан» партиясы облыстық мәслихатта депутаттық фракциясының жұмысы да жүйелі. Конференцияда жарыссөзге шыққандар «Нұр Отан» партиясының осы бағыттардағы жұмыстарына кеңірек тоқталды. Партия облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бахтияр Алдашов бақылау жұмыстарының нәтижелерін сөз етті. Ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржы бөлінген нысандардағы кемшіліктерді тілге тиек етіп, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардағы жөнсіздіктерді ашып айтты. Сонымен қатар, жиында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің жұмысына да тоқталды. Сондай-ақ, жиында партияның Меркі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партия тарапынан жасалып жатқан іргелі істерге кеңінен тоқтала келе:
–«Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде экономикалық, саяси жəне əлеуметтік жаңғыру жүзеге асырылып жатыр. Біздің саяси ұйым осы өзгерістердің ауыл-елде орындалуына зер салатын болады. Партияның өз ішінде де ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бүгінде Мемлекет басшысы мемлекет алдына 3.0 жаңғыртуды жүзеге асыру міндетін қойып отыр. Осыған байланысты партия алдында Қазақстанды жаңғыртуға дәйекті түрде қатысатын стратегиялық күш болу міндеті тұр. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында партия үлкен жұмыс атқаруда. Мәселен, ең маңызды бастамаларды талқылау үшін біз «NurOtanTrends» және «NurOtanTalks» сияқты жаңа форматтағы пікірталас алаңдарын жасадық. Біз осы сұхбат алаңдары бойынша оң пікірлер аламыз. Партия бастауыш партия ұйымдарының жұмысы үшін толығымен жаңа форматты қалыптастырады. Мемлекет басшысы біздің ұйымды «нақты істер партиясы» құрамына айналдыру міндетін қойды,»- деді.
Конференция жұмысын қорытындылаған партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Исабекұлы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда алдыңғы шепте партия мүшелері тұруы керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамы сайланды.