Елбасы Астанада жаңа әскери қалалықты ашты

Жаңалықтар
14.11.2014, 11:45

 Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық ұланның жедел бригадасына арналып салынған Елорда іргесіндегі заманауи әскери қалашығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz

«Бүгін өте қуанышты күн. ТМД мемлекеттері арасында теңдесі жоқ әскери қалашық Астанада ашылып отыр. Ішкі әскер құрамы Ұлттық гвардия дәрежесін алды. Бұл да сіздерге мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық. Сіздердің алдарыңыздағы міндет – еліміздің тыныштығын, Қазақстан азаматтары құқығы заңдылығын сақталуын қамтамасыз ету, қылмыспен күресу. Қарулы күштердің құрамындағы әскери құрам ретінде қажет болғанда елдің шебін қорғау, Отан үшін жан аямай жұмыс істеп, шекарасын шегендеу мәселесі де қолдарыңызда», - деді салтанатты шарада Мемлекет басшысы.Президент жақында жарияланған Жолдау арқылы еліміздің өсіп-өркендеуіне тағы да бір қадам жасалғанына тоқталды.

«Отыз елдің қатарына кіру үшін көп жұмыс жасауымыз керек. Төңіректе болып жатқан қиыншылықтарды ескере отырып, мемлекет алдын ала қамданып, үлкен шаруаларды жасап жатыр. Осының барлығы мемлекеттің, халықтың болашағы үшін қолға алынуда. Біздің еліміздің жеткен жетістіктерінің барлығы ішіміздегі ұлтаралық татулық, дінаралық келісімнің арқасында, сіздер осыған сақшысыздар», - деген ҚазақстанПрезиденті әскерилерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтап, сәттілік тіледі.

Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы жедел мақсаттағы бригаданың жеке құрамына жауынгерлік туды табыс етті. Елбасы қолынан туды бригада командирі полковник Марат Қанағатов қабылдады. Сондай-ақ, Елбасы әскери қызметшілердің отбасыларына пәтер кілттерін тапсырды.

Тарқатып айтсақ, 2007 жылы 29 желтоқсанда Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған Ішкі әскерлердің, ал қазір Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы бригадасына елорданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері жүктелген.

Әскери қалашықтың құрылысы 2009 жылы басталды. Бұл мақсатқа 8 млрд 996 млн теңге жұмсалған. Қалашықтың жалпы аумағы 20 гектарды құрайды. Оның инфрақұрылымы бригаданың кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде жетілдіруге, алғы жауынгерлік дайындықта болуға, Астана қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүктелген міндеттерді сапалы атқаруға зор мүмкіндіктер ашады. Бұл Елордада өтетін халықаралық жиындардың, оның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде қауіпсіздік шараларының жоғары деңгейде қамтамасыз етілуіне ықпал етпек.

Қалашықта әскерилердің тыныс-тіршілігі үшін барлық қажетті нысандар салынған. Штаб ғимараты, 3 жауынгерлік казарма, 2 асхана, автомобиль паркі, заманауи үлгіде жабдықталған мультимедиялық ату тирі, стадион, оқу ғимараттары, 60 жатын және амбулаториялық ем алу үшін 100 орындық лазарет бой көтерген. Ал кинологиялық орталықта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауға тартылатын қызметтік иттерді үйретіп-баптауға барлық жағдай жасалған.

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін 104 пәтерлі тұрғын үй тұрғызылыпты. Мұнымен қатар, қалашықта мәдени-сауық орталығы жұмыс істейтін болады. Орталықтың бірінші қабатында 840 орындық көрермендер залы, ұланның ән-би ансамбліне арналған өнер студиясы, сондай-ақ, сарбаздар шайханасы орналасқан. Ал екінші қабатында қазақ елінің сан ғасырлық тарихы мен мәдени мұраларынан сыр шертетін бай кітап қоры, оның ішінде электрондық кітаптар жинағы бар кітапхана орын тепкен. Бұдан бөлек, орталықта әскери қызметшілердің балалары үшін түрлі көркем шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Ұлттық ұланның орталық мұражайы да осында орын тепкен.

Айта кетейік, биылғы жылдың 21 сәуірінде Президенттің Жарлығымен Ішкі әскерлер Ұлттық ұлан болып қайта құрылды.

 

Сұхбат

PhotoRoom