НЕСІПБЕК ДӘУТАЙҰЛЫ: «ЖАСТАР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ»

Жаңалықтар
23.11.2018, 01:21

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде халыққа рухани азық беретін іс-шаралар легі жалғасуда. Осындай жиындардың бірі бүгін Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы кітапханада «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің ұйымдастыруымен елге танымал жазушы Несіпбек Дәутайұлының шығармашылық кеші өтті.

Сыры мол сөз өнерінің сымбаты мен көркін келтіре білетін қаламгерлер ғана халықтың ең қымбат қазынасын көркем әдебиеті деп біледі. Сондай жазушының бірі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты – Несіпбек Дәутайұлы.

Әдебиет әлеміне деген адалдықты терең сезініп, рухани мұрамызды өскелең ұрпаққа насихаттап келе жатқан қаламгер «Құдірет пен Қасірет», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ойынды еті он бөлек» шығармаларымен көпшілікке жақсы таныс. Бүгінгі кездесуде жазушы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған сананың ашықтығы мен ұлттық бірегейлікті сақтауға қатысты өз ойларымен бөлісті.

-«Біздің барлық ерік-жігеріміз қазір ұлтымыздың рухани әлемін, қуатын, күшін, абыройын, ар-ұятын, намысын асқақтату. Біз ең бірінші өзіміз осындай шараға келгенде жеке тұлға ретінде өзіміз ғана сөйлеп кетпей, айналамыздағы жастардың да көңіл күйін, істеп жүрген шаруасын біліп отыруымыз керек. Өйткені, біздің жастардан басқа ешкіміміз жоқ. Жастар – Қазақстанның болашағы. Өскеле ұрпақты қазір қалай тәрбиелесек, алдағы уақытта Қазақстанның деңгейі де сондай болмақ», -  дейді жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлы.

Сонымен қатар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы туралы жастарға үгіт насихатын жеткізді.

Кітапты оқып, оны терең түсіну үшін оқырмандарға таным керек. Танымға жету үшін әуелі дұрыс бағыт қажет. Несіпбек Дәутайұлы бүгінгі әдебиетке келген жас ақындарды «мәртебелі поэзияның пәрменін түсінеді» деп қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүр.

-«Несіпбек Дәутайұлы өз ойын оқырмандарына көркем жеткізетін қаламгерлердің бірі деп есептеймін. Бүгін сүйікті жазушымызбен кездесіп, әсерлі кеш өткіздік. Бұл жиын студенттерге де, басқа оқырмандарға да қызықты болды деп есептеймін. Рухани жаңғыру аясында мұндай әдеби кештер жиі өткізіліп тұрса деген ниет бар», - дейді шығармашылық кешке келген студент Бейбарыс-Сұлтан Өмірбай.

Кездесу кешіне келген жас оқырмандар жазушының өмір жолы мен оның шығармашылығынан салиқалы әңгіме тыңдап, салмақты ой түйіп қайтты.

 

Сұхбат

PhotoRoom