Серік Ахметовке аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылуда, деп хабарлады Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз хатшысы Әлия Жошева. Бұл – ресми ақпараттан үзінді.
Ахметовтің басындағы хал бөлек. Жоғары қызметтерді атқарған азаматтардың басына бұлт үйірілуі Нығметұлынан басталған жоқ және бұл соңғы оқиға да болмайды. Б. Рысқалиев, Е. Арын, Б. Әбдішев және С. Ахметов сияқты облыс орталықтарын басқарған әкімдер істі болды. Қоғамдық пікір де олардың жүріс-тұрысына қарап қалыптасып келеді. Алғашқысы Англияны бетке алып, бірден қашып кетті де, соңғы үшеуі елде ұсталды.
Рысқалиев - Аппарат
Мысалы Б. Рысқалиев істі болғанда атыраулық мәслихат депутаттары хат жазып, Астанадан араша сұрады. Бірақ, кейін сол бір «оқыс» бастамаларын мүлде болмағандай ұмыттырып жіберді. Бергейдің Атырауға бергені де аз емес көрінеді. Алайда, қылмыстық топ құруға бекінгені жайлы айтылды, жазылды. Білетіндер, өзі де рэкеттерге Рэмбо болған деседі. Кім біледі, сезікті бұрын секіреді деген тәмсілге сенсек, тұманды Альбион жағалап кетуі де күдік тудырады.
Арын – Зиялы қауым
Ал, Ерлан Арын сияқты ғалым, интеллектуал адам ұсталғанда, Павлодар облысының зиялы қауым өкілдері ынтымақтаса отырып, бірауыздан сөз сөйледі. Ерлан Мұхтарұлының университет ректоры кезінен бастап, облысқа сіңірген еңбегін жіпке тізгендей етіп баяндады. Қазақ баспасөзі де сенгісі келмейтінін астыртын болса да жеткізді.
Аты ғана емес, заты да «суық» қалаға «жылымық» әкелген бірден бір тұлға – Ерлан Арын деседі. Өңірдегі, әсіресе облыс орталығындағы басым ұлт өкілдері оны әу бастан жақтырмады. Енді ше? Ашығын айтқанда қолынан ештеңе келмейтін облыстық мәслихат депутаты кезінде бірнеше ғимараттың, көшенің аттарын қазақыландырып, ескерткіштер орнатылуына ықпал етіп жүрді. ПМУ ғимаратына бара қалсаңыз сізді Алаш арыстары алақанына салғандай күй кешесіз. Бірде сұқбаттасып отырып, «Сіз қарапайым ректорсыз, бұл жердегі ішкі қарсылықты білеміз. Алаш аллеясын ашып, Дос-Мұқасанға ескерткіш орнатуға қарсылық болмады ма?» деп сұрадым. Оның жауабы: «Әзірге бұл көшенің бергі беті мен басқарып отырған университетке қарайды, сондықтан шешімді өзім қабылдаймын, қандай қарсылық болса да жауап беруге әзірмін» деген еді.
Шекаралас аудандардағы бизнесмендер Қазақ үкіметінің қаржылай қолдауының арқасында баптап өсірген егіндерін тарихи отандастарына қарай су тегін жөнелтіп жатқанын әкімдік қызметке келе сала тоқтатқан Арынның арыны екенін біреу білсе, біреу білмейді. Жә, Арын туралы айтылар әңгіме көп. Осы бір-екі мысалмен қайырайық.
Әбдішев - жастар
«Жас келсе, іске!» деп Бауыржан Әбдішев туралы жиі айтушы едік. Қарағанды сияқты елдің орталығында жатқан үлкен өңірді басқарды. Е. Арынға тағдыры ғана емес, саяси қызметтегі тәжірибенің аздығы жағынан да ұқсас. Екеуі де вице-министр болған, Павлодарда қызмет қылған. Түйтеұлы тұтқындалғанда оны көбінесе, жастар қолдады. Әлеуметтік желілер Әбдішевті қолдау алаңына айналды. Осыдан-ақ, істі болған экс-шенеуніктерді қолдайтын контингенттің картинасын көруге болады. Рысқалиев – Мәслихат депутаттары, Арын – зиялы қауым, Әбдішев – жастар.
Күні кеше сол Әбдішевтің саясаттағы «өкіл әкесі» Серік Ахметовтың үй қамаққа алынатындығы хабарланды. Бауыржан Түйтеұлы қызметтен кеткен тұстан бастап, осы бір саяси картинаның сұлбасы қылаң бере бастады. Көпшілік сол кездің өзінде еліміздің 8-ші Премьері, әрі 8-ші Қорғаныс министрінің ықпалы әлсірегенін сезді.
Қорғаныс министрі болып тағайындалғанымен, жарытып жұмыс істейтін уақыт та берілмеді. Небәрі 6 ай. Осымен ҚР Үкіметін басқарған тағы бір азамат айыпталып отыр. Біріншісі, 1994-1997 жж Премьер-министр болған Әкежан Қажыгелдин. Екіншісі – 2012-2014жж. Серік Ахметов. Соңғысының қоғамдық қолдаушысы қандай контингент болатынын да біле жатармыз.
Кезінде «Парасат» орденімен марапатталған екі азаматқа да сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылды. Ақ, қарасы алдағы уақытта анықтала жатар.
Қоғамда бұл интригалардың астарында үлкен текетірес жатқаны жайлы айтылып жүр. Тегінде «Алыптар айқасы» деген - өте қауіпті ойын. Бұнда белбеу кетпейді, тек бел сынады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес деген жақсы, бірақ оны «Алыптар айқасының» құралына айналдырмау керек. Өйткені осындай жағдайлардан кейін биліктегі азаматтардың қоғамдағы симпатизанттары азайып барады.