«АҚЫЛДЫ» БАҒДАРШАМДАР ОРНАТЫЛУДА

Жаңалықтар
28.11.2018, 18:33

«Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қаланың қоғамдық өмірінде белсенді жүзеге асуда. Қазір бірнеше көшеге «ақылды» бағдаршамдар орналастырылған. Көліктік техникалық бақылау инспекциясы өкілдерінің айтуынша, қала бойынша жол-көлік оқиғасы жиі болатын қауіпті аймақтарға осы бағдаршамды орнату жоспарлануда. Рас, бүгінде қалада көлік саны артып келеді. Сондықтан тұрғындардың өмірін жеңілдетуде кей көшелердегі бағдаршамдар алынып тасталды. Яғни, бейнебақылау арқылы көше қозғалысы бақыланып, келешекте онда қандай жол белгілерін қою керек екендігі нақтыланады.

Қазір облыс орталығында бағдаршамдардың бағаналарын ауыстыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлығы 99 көше қиылысына 335 жаңа қондырғы қойылмақшы. Сондай-ақ, жол белгілері де өзгертіледі.

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов Қонаев пен Комратов, Жамбыл көшелерінің бұрылыстарына қойылған бағаналарды аралап көрді.  Сондай-ақ, аймақ басшысына заман талабына сай бір типте жасалған жаңа бағаналар көрсетілді. Ол бұрынғы бетоннан жасалған қондырғыларға қарағанда әлдеқайда жеңіл, әрі аз орынды алады. Жаңа бағаналарға бағдаршамдар мен бейнекамералар орнатылған. Оның үстіне бұрын салбырап тұрған электр сымдары қазір жер астынан өткізілуде.

Жалпы, Тараз қаласында биылғы жылдың соңына дейін 335 бағананы орнату көзделген. Сонымен қатар, бұл көшелердің аттары қазір латын тілінде жазылып жатыр.

Орнатылып жатқан жаңа бағдаршамдар ішінде технология­ның тиімділігін ескеретін «ақылды» бағдаршамдар да бар. Ол көлік кептелісін болдырмау үшін керек. Яғни, «ақылды» бағдаршамдар көлік қай бағытта көп болса, сол бағытта жасыл түсті көбірек жандыруға мүмкіндік береді. Қалада, әзірге мұндай 10 «ақылды» бағдаршам орнатылып үлгерді. Аталған бағдаршамның ерекшелігі күндіз де, түнде де алыстан көрінетін жарық диодтары жанып тұрады, оны байқамау мүмкін емес. Олар интеллектуалды басқару жүйесіне қосылған.

Алдағы уақытта Жеңіс саябағына 6-шы мөлтек аудан жақтан кіре берістегі бұрылысқа да жаңа бағдаршам орнатылмақшы.

Айта кетейік, «ақылды» бағдаршамдар Мәскеу, Киев, Дубай секілді әлемнің басқа да ірі қалаларында қолданылады.

Сұхбат

PhotoRoom