ЕЛІМІЗДЕ ПРОТОНДЫ ТЕРАПИЯ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ

Жаңалықтар
24.11.2018, 18:42

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»» атты кезекті Жолдауында, «Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек. Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз», - деген болатын.

Еліміздегі тұрғындардың өмірін жоғары деңгейге жеткізуге бағытталған мемлекеттік құрылыстың барлық салаларында қайта құру процестері жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен «Денсаулық сақтаудағы инновациялар» халықаралық ғылыми - практикалық форумында айтылды.

Бұл тұрғыда халыққа медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи деңгейіне қол жеткізуге, ең алдымен медицина ғылымын дамытуға және денсаулық сақтау ұйымдарында инновацияларды енгізуге бағытталған денсаулық сақтауды реформалаудың ауқымды жоспарлары жүзеге асырылуда.

-«Инновация жүйесі денсаулық сақтаудағы инновациялық тәсілдерді әзірлеу, тестілеу, бағалау және тарату үшін көлік құралы ретінде қызмет етуі тиіс», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, шетелден З-Д принтер қолдану, гибридті ота жасау, роботтандырылған хирургия және тағы да басқа инновациялық технологиялар енгізілді. Бұл бағыттардың көбі Қазақстандағы ғылыми орталықтар мен зертханаларында дамып келе жатыр.

-«Соңғы үш жылда ғана денсаулық сақтау жүйесіне диагностика жасау мен емдеудің жаңа 99 тәсіл енгізілді. Соңғы үш жылда 266 технология коммерцияланса, оның 86,5%-ын отандық ғалымдар құрастырған. Бүгінгі таңда отандық денсаулық сақтау саласы бұрын балалы болу бақыты бұйырмаған отбасыларға көмектесуде. Соңғы үш жылда ЭКО заманауи технологиясын сәтті қолдану арқасында 14 000 сәби өмірге келді», - дейді министр.

Аталмыш форумға қатысушылардың бірі, ҚР денсаулық сақтау Министрлігі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, Қазақстанға соңғы жылдары онкология саласында да инновациялық емдеу тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр.

 -«Заманауи әдістер науқастар үшін қолжетімді, әрі тегін болады. Жаңа онкологиялық орталықты салу барысында протонды терапия орталығы да салынады. Әлем бойынша мұндай 57 ғана орталық бар. Протонды терапия асқынып кеткен дертке қолданылады және адам денсаулығына зиянсыз болып саналады. Көбінесе ми обырына шалдыққан, көздің мүйізгек қабығында обыры бар балаларға қолданылады. Қаншама науқас дәл осы ем түрін алу үшін шетелге барады, сондықтан осы инновациялық әдіс біздің мемлекетте де қолданылатын болады», - дейді Қайдарова.

Сондай-ақ, барлық өңірде сәулелі терапия аппараттары жаңартылатын болады. Бұл сәулелі терапияның заманауи әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

 

Сұхбат

PhotoRoom