ОҚУШЫЛАР ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСТА ШЫҢДАЛДЫ

Жаңалықтар
29.11.2018, 00:30

ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында «Оқы, тап» облыстық байқауы өтті. Сайысқа аймақтан 1500-ге жуық оқушы қатысып, өз білімдерін сынап көрді.Қатысушылардың әдеби білімін сынау негізінде ұйымдастырылған байқаудың мақсаты оқушылар мен студенттерге көркем шығармаларды оқыту арқылы рухани, зияткерлік әлеуетін дамыту, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту. Жарыс үш кезеңнен тұрды. Онда көркем шығармадан алынған үзіндіні табу, шығармалар желісінде қойылған сұрақтарға жауап беру және алынған туынды негізінде эссе жазылды.

Жамбыл облыстық білім басқармасының әдіскері:

-«Негізгі кезеңнен өткен оқушылар бүгінгі таңда марапаттау кезеңіне қатысып отыр. Байқаудың негізгі мақсаты - оқушылардың көркем шығармадан алынған үзінділер мен көркем шығарманың авторларымен танысу. Етене таныса отырып, зияткерлік әлеуетін дамыту, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Онлайн байқаудың негізгі қатысушылары, бұл оқушылар мен кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарының студенттері», - дейді Айсұлу Нұрмолдаева.

Сондай-ақ, Назарбаев мектебінде оқушылар арасында «Елбасы жолы» атты зияткерлік ойыны өтті. Оқушылардың біліктілігі мен біліміне арналған сайысқа  жоғары сынып оқушыларынан құрылған 4 топ қатысты. Қатысушылар ноутбуктың көмегімен видео  сауалдарға жауап берді. Білімді жастар Елбасының өмірі мен еңбек еткен жолдарын ұшқыр ойларымен жеткізе білді. Қатысушылар үлкен қызығушылықпен атсалысып, әдемі ойын көрсетті. Ал, жеңімпаз арнайы Елбасының кітабына ие болды.

Айша Жолдасбекова, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

- «Мектепте «Елбасы жолы» атты зияткерлік ойыны жүргізіліп жатыр. Ойын барысында біз Елбасының өмірі және еңбек жолының негізгі хронологиясына тоқтала отырып, балалардың білімдерін тексермекшіміз. Сонымен қатар, тәуелсіздігіміздің тарихына да шолу жасап, балалардың білім деңгейлерін тексереміз».

Ақыл-ой мен жүйріктікке баулыған сайыс оқушылардың танымдық деңгейін көрсете білді. Сонымен бірге алған білімдерін сарапқа салып, ойлау машығын қалыптастырды.

 

Сұхбат

PhotoRoom