Қараша айының 26-сы күні Елордада Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры Астанада Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетімен бірлесіп «БАҚ және мемлекеттік тіл» тақырыбы бойынша конференция өткізеді.
Конференция қазақтілді баспасөз беттерінде, сандық және электронды ақпаратта қазақ тілінің қолданылу сапасы, БАҚ мазмұнын насихаттау мен қолданылу деңгейі сарапталып, талқылайды.
Жиын «Кеше қазақ тілінің жайы қалай еді? Бүгінгі күйі нешік?, Ертеңгі бәсекелік қабілеті мен қарымы қаншалықты?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Сондай-ақ интернет, әлеуметтік желілердегі тілдің қолданысының ахуалы туралы мәселелер қамтылады.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты Елбасы Н.Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалып отырғаны жайлы жан-жақты тоқталғаны белгілі. Атап айтқанда, Елбасы Конституцияға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылғанын, «Тіл туралы» заңды пайдаланып, өзімізбен өзіміздің қазақша сөйлесу қажеттілігін, тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміздің керектігін ескертті.
Осы ретте «Қазақстан-2050» Стратегиясы да қазақ тілінің басымдыққа ие болып, жаппай қолданыс тіліне айналуын көздейтінін айтқан жөн. Сондықтан, Ұлт көшбасшысы өз халқымыздың сана-сезімін үйретіп, өз тілімізді өзіміз бағалау керектігіне ерекше назар аударды. Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдарының алдында үлкен міндеттердің тұрғаны белгілі. Конференция барысында осыған қатысты нақты пікірлер айтылып, ұтымды да тиімді ұсыныстар қабылданатын болады.
Шараға Мәдениет және спорт вице-министрі М. Әзілханов, Инвестициялар және даму вице-министрі А. Жұмағалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тіл жанашыры О. Асанғазы, , «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің президенті С. Әбдірахманов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, ф.ғ.д. Қ. Сақ қатысып, сөз сөйлейді.
Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д. Әшімханұлы, Т. Жұртбай, Д. Махат, Н. Омашев сияқты ғалымдар, А. Еркімбай, Р. Кенжехан, Д. Қуат сияқты еліміздегі электрондық сайттардың басшылары мен әлеуметтік желілердегі блогерлер өз пікірлерін ортаға салады.