БАЗАРЛАР МЕН САУДА ОРЫНДАРЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНА САЙ БОЛУЫ ТИІС

Жаңалықтар
29.11.2018, 21:15

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен кезекті жиында Тараз қаласындағы базарлар мен сауда орындарын заң талаптарына сай келтіріп, олардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Қазіргі таңда өңірде барлығы 43 сауда базары бар. Оның 29-ы жаңғыртуды қажет етіп отыр. Ал, Тараз қаласы бойынша 19 базар тіркелген. Оның 17-сі әмбебап болса, 2 - і мамандандырылған. Сонымен қатар, 5- ірі сауда нүктесіне кешенді тексеріс жүргізіліп жатыр. Осыған дейін сауда орындарындағы павильон иелерінің шамамен 3/1-і салық органдарына тіркелмей келгендігі анықталған.

Дәлірек айтсақ, көлеңкелі бизнестің де бары анықталып отыр. Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында: «... Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек. Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн. Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады. Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын» деген болатын. Бүгінгі жиындағы облыс әкімі Асқар Исабекұлының көтерген мәселесі де Елбасының жолдаудағы тапсырмасының бір бөлігі. Ол алдағы уақытта сауда орындарының иелерімен арнайы меморандум жасалмақшы екенін және ол құжатта  базардағы тазалық, тәртіп, төтенше жағдайлардың алдын-алуға арналған сақтық шаралары мен құрылыс нормаларының сақталуы, өзге де талаптарға сай болуы секілді көптеген мәселелер қамтылатынын жеткізді. Ендігі жерде Жамбыл облысы бойынша базар иелерінің табысы мен шығысын бақылау үшін арнайы хронометраж жүргізіледі. Сонымен қатар өңір басшысы ел ішінде базар жабылады екен деп айтып жүрген қауесет сөздердің еш қисынға келмейтіндігін алға тартып, керісінше, енді ондағы сауда жасап күн көріп отырған халықтың жағдайы ескерусіз қалмайтынын  айтты. Бұған қоса «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерді қолдау жаңа бизнес-бастамаларға және кәсіпкерлік секторды сауықтыруға бағытталатыны еске салынды. Өйткені президент тапсырмасына сай, аталмыш бағдарламаның қолданылу мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуы міндеттелген болатын.

 

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom