ЖАМБЫЛДА БАЛАБАҚШАЛАР САНЫ АРТТЫ

Жаңалықтар
30.11.2018, 17:42

Елбасының халыққа арнаған кезекті жолдауында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» керектігін айта келе 2020 жылға дейін елімізде балдырғандарды  толықтай балабақшалармен қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл бастама пайдасын тигізіп отыр. Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылуы басты назарда.

ҚР Тұңғыш Президенті мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданына қарасты 3732 тұрғыны бар Қызылқайнар ауылында “Мөлдір” жекеменшік балабақшасы өз жұмысын бастады. Жоба құны 250 млн. теңгені құрайтын балабақшаны ауыл тұрғыны Айсұлу Раева өз қаражатына салды. Құрылыс жұмысы 2017 жылдың наурыз айында басталған болатын. Балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Қазанбасов және ауыл тұрғындары қатысты.

Халық игілігіне беріліп жатқан жекеменшік балабақша салғандарға ауыл тұрғындары алғыстарын білдіріп, өз қуаныштарын жеткізді.

Балабақша директоры Айсұлу Раева болашақта балабақшаны әлі де үлкейтетінін айтып, жиналған халықты құттықтады.

Сондай-ақ, бүгін Қордай ауданы Қордай ауылында да «Балалық базары» жекеменшік балабақшасы салтанатты түрде өз лентасын қиды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы елімізде кеңінен жүзеге асырылып, қарқынды түрде жұмысын жалғастырып келеді. Бағдарламаның нәтижесінде, кезекте тұрған балақайлар саны азайып, керісінше балабақшалар артуда. Соның бір дәлелі бүгін тұсауы кесілген «Балалық базары» жекеменшік балабақшасы. Жобаның құны – 30 млн. теңге.

Нысанның салтанатты ашылуына арнайы аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сағатов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Қарамолдаева және Қордай ауданының құрметті азаматы Тұрсын Қалығұлов қатысты.

Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламаны тілге тиек еткен ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жиналған жұртты балабақшаның ашылуымен және ҚР тұңғыш президенті күнімен құттықтап, баталарын берді. Алдағы атқарылар жұмыстарына да сәттілік тілеп, барша ата-аналарды жаңа балабақшамен құттықтады.

Екі қабатты сарайда әр топтың бөлмелері қарастырылып, ойын залы да қолға алынған. Балалар үшін тағам даярлайтын асхананың да тазалығы санитарлыққа сай. Тек тәрбиеленіп қана қоймай мұнда бүлдіршіндерге үш тілде сабақ өткізіледі.

Сондай-ақ, музыка пәнімен қоса жуырда аспап үйірмелері де іске қосылатын көрінеді. Үш тілдіктен өзге ата-аналар қалауымен француз және түрік тілдері де үйретілетін болады дейді балабақша басшысы.

 

Сұхбат

PhotoRoom