Мәжіліс төрағасы сарапшыларды абай болуға шақырды

Жаңалықтар
24.11.2014, 15:25

Астанада ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Президент. Парламент. Интеграция» атты тақырыптағы халықаралық конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов сарапшыларды Еуразиялық одақ туралы пікір айтқанда абай болуға шақырды.

20141124130215

«Бүгінгі жағдайда Еуразиялық экономикалық одаққа қатысатын  мемлекеттер, қоғамдастық «интеграция» сөзінің түсінігінде бірегей ұстанымда болуы керек. Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ оған қатысушы әрбір елдің мемлекеттік ұлттық мүдделеріне, теңдік құқығына, еріктілікке, өзара тиімділік пен прагматикалық мүдделер есебіне негізделе құрылды. Қазақстан Президенті атап өткеніндей, бұл бірлестікте мемлекеттердің саяси егемендігі нық әрі шайқалмайды. Сонымен қатар, экономикалық интеграция - ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, оны барынша орнықты ету үшін жүргізілуде», - деді Мәжіліс Төрағасы.

Оның айтуынша, интеграциялық үдерістердің сенімділік кепілі - бұл жаңғыру.

«Күрделі мәселелер бойынша туындайтын революциялық толқыныстар, ақпараттық қысымның үдемелене түсуі табиғи интеграциялық үдерістерді «сындыруы» мүмкін. Осыған байланысты, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің депутаттық корпусы, қоғам қайраткерлері, ғылыми, сарапшылық және медиа қауымдастығы өздерінің пікірлерін білдіруде, болжамдар жасауда оның салдарына қатысты жауапкершілікте, құзыреттілікте болуға шақырамын», - деді Мәжіліс спикері.

Сонымен қатар, Қ. Жақыпов бір бағытта интеграцияның күшеюі, оның басқа векторлардан бас тартуын білдірмейтінін атап өтті. Бұл ретте палата төрағасы әлемдік тәжірибелерді алға тарта отырып, өңірлік одақтардың институционалдық көптүрлілігі орын алып жатқанын да атап өтті.

«Қазіргі таңда әлемде өңірлік сипаттағы жүздеген интеграциялық үлгілер бар. Сонымен қатар, көптеген елдер бір мезетте бірқатар өңірлік құрылымдарға мүше болып отыр. Біз Еуразиялық одақты жаһандық әлемнен оқшаулану үшін емес, керісінше басқа да әлеммен жаһандық ынтымақтастықта ашыла түсу үшін құрдық. Осы ретте, біз қазіргі таңда Ресей мен батыс мемлекеттері арасында орын алып отырған барлық проблемалар мен қайшылықтардың өзара тиімді үлгіде шешімін табатынына сенімдіміз», - деді ол.

ҚазАқпарат

Сұхбат

PhotoRoom