«ТУҒАН ӨЛКЕ – ТҰНҒАН ШЕЖІРЕ» АУДАНДАРДЫ АРАЛАУДА

Жаңалықтар
21.11.2018, 14:28

Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындалған міндеттерді басшылыққа ала отырып,  Жамбыл облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен, «Туған өлке – тұнған шежіре» атты облыстық этнографиялық экспедициясы киелі Құлан жеріне де ат басын тіреді.

Жер тарихы – бұл ел тарихы. Экспедицияның негізгі мақсаты жайлы айтар болсақ, аймақтағы этномәдени бірлестіктердің ұлттық дәстүрлерін танып білу, көптеген ұлттардың салт-жоралғылары мен дәстүрлерін терең тану, олардың қоғамда ұлтаралық келісім мен шоғырландыру процестеріне оң әсерін, өзектілігін талдау және олардың еңбегін лайықты деңгейде бағалау.

Экспедиция мүшелері аудандағы қазақ, орыс, өзбек және қарашай этномәдени бірлестіктерінің тыныс-тіршілігімен танысты. Ал, Құландықтар  ән-жырдан шашу шашып, келген қонақтарға естен кетпес көңіл-күй сыйлады.

Қазақстанды мекендейтін халықтардың достығын, мәдениетін, рухани құндылықтарын насихаттаушы топ ат басын  Тұрар Рысқұлов ауданына да бұрды. Елбасының бір шаңырақ астында ұйысқан ұлт пен ұлысты  ортақ мақсатқа жұмылдыратын сындарлы да салиқалы саясатын әр жүрекке жеткізу. Бұл  - киелі Әулиеатаның барлық аумағын аралап жүрген экспедиция мүшелерінің басты міндеті.  «Бәрімізді қастерлі де қасиетті Отан деген ұлы ұғым біріктіреді. Таңдауымыз да, мақсатымыз да айқын», дейді олар.

Орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

Орыс ұлттық мәдени орталығы бүгін «Қызға құда түсу» салтын көрсеттік. Отыздан астам мүшесі бар біздің ұжым, бұл қойылымда ата-дәстүрімізді, сонау бағзы заманнан бүгінге жеткен әдет-ғұрпымызды барынша ашып көрсеттік. Үлкенге құрмет, кішіге ізет үлгісін сипаттайтын, атадан балаға мирас болып сақталып келе жатқан ұлттық құндылығымыздың ұмытылмай, осы уақытқа жеткеніне біз ризамыз. Мұның барлығы, әлбетте тұрмысымыз біте қайнасып жатқан қазақ еліндегі сарабдал саясаттың жеміс»,- дейді Любовь Левицкая.

Демек, татулығы қыр асқан осынау бейбіт тұрмысымыз – тұрақты даму кепілі. Ал, осынау баға жетпес құндылығымызды дәріптеп, бірлік пен берекемізді сақтауға  аймақтағы этномәдени бірлестіктер де үлес қосып  келеді, себебі, ол - ортақ игілік.

Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері ауданымызда көптеген ұлттың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын зор мақтанышпен жеткізді.

Айта кетейік, аталмыш экспедиция қараша айының 27-і не дейін облыс аумағындағы 10 аудан мен Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларын аралайтын болады.

Сұхбат

PhotoRoom