ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ИНДИКАТОР КӨРСЕТКІШТЕРІН ТЕКСЕРДІ

Жаңалықтар
05.12.2018, 20:59

Бүгін облыс әкімдігінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және меморандумда белгіленген индикаторлық көрсеткіштердің орындалу жай-күйін жан-жақты талқылады.

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов облыс әкімдігінің басқарма басшыларын жеке-жеке қабылдап, индикаторларға қол жеткізу және қол жеткізбеу қаупі бар көрсеткіштер бойынша жауаптар алды.

Әр саланы қамтитын бағдарламалардың орындалу барысы туралы, жауапты тұлғалар баяндап берді.

Ең алдымен "Нұрлы жол" бағдарламасы негізгі бағыттардың бірі ретінде қаралды. Бағдарлама бойынша облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндама жасады. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасындағы халықты қоғамдық көлікпен қамту көрсеткіші бойынша жылдық жоспар 93 пайыз болса, орындалуы жағынан 91 пайызды құрап отыр. Осы орайда Жамбыл, Сарысу, Шу аудандарының жұмыстары сылбыр екенін жеткізді. Ал, келесі индикатор бойынша 2018 жылы облыс аудандарында 7 автобекет салу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 4-еуі ғана пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Шу ауданындағы автобекет мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деп күтілуде. Асқар Исабекұлы қалған Жамбыл мен Меркі аудандарындағы автобекет салу жұмыстарын уақыт оздырмай іске асыру қажет екенін қатаң қадағалауды тапсырды.

Айта кетсек, ҚР Премьер-министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандумда белгіленген жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі облыстық және аудандық жолдардың көрсеткіші көңіл көншірлік. Көзделген меже 73,3 пайыз болса, орындалуы 78,8 пайызды құраған.

Бұдан соң өңір басшысына облыстық құрылыс, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармалары есеп беріп, өз тараптарынан көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.

Ал, жұмысы баяу жүріп жатқан бағыттар бойынша, облыс әкімінің орынбасарларына бақылауға алу туралы тапсырма берілді.

Басқосуда мемлекеттік бағдарламалардың және меморандумда белгіленген индикаторлардың орындалуы бойынша барлық облыстық басқармалардың жұмыстары мен көрсеткіштері, салаға қатысты мәселелері қаралып, жауапты тұлғаларға жұмысты жүйелеу туралы тапсырмалар берілді.

 

Сұхбат

PhotoRoom