Орталық Азияның жағдайы Қазақстан мен Өзбекстанға байланысты

Жаңалықтар
25.11.2014, 13:39

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.

Шағын құрамда өткен кездесуде екі мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың  2013 жылы маусымда Өзбекстанға барған сапарында жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Сондай-ақ сауда-экономикалық, су-энергетикалық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басымдығы бар бағыттары қаралды.

Бұған қоса, тараптар өңірлік қауіпсіздіктің негізгі аспектілері мен мейлінше өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи және мәдени тұрғыдан жақын елдер екеніне тоқталып өтті.

- Көрші болғандықтан, біз тәуелсіздік жағдайында қарым-қатынасымызды дұрыс құрдық. Қазақстан Өзбекстанды оның барлық бастамаларына қатысты қолдайды. Біз екі елдің достығын нығайтуға, сауданы ұлғайтуға, өзара қарым-қатынастарды ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелері мен өзге де бағыттар бойынша дамытуға ниеттіміз. Біздің елдерімізде қазір осы келіссөздерді жіті бақылап отыр, өйткені бүкіл өңірдегі тұрақтылық пен даму Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдарына, өзара жұмысына байланысты, - деді Мемлекет басшысы.

Өзбекстан Президенті өз кезегінде бүгінде әлемдегі жағдай қарқынды өзгеріп жатқанына тоқталды.

- Мұндай жағдайда әрбір ел өзіне таяныш іздейді, жоспарларын нақтылайды және таяу көршілеріне арқа сүйейді. Қазақстан - біз үшін ең жақын ел, ауыр сынақтар мен қуанышты күндері ылғи да бізбен бірге болған жақын халық. Біз әрдайым бір-бірімізге көмекке келдік. Өркендеу жолына сенімді қадам басып бара жатқан Қазақ халқына зор құрметімді білдіргім келеді. Бізге «сағатымызды теңестіріп», алдағы перспективаларды анықтау үшін жиі кездесіп отыру қажет, - деді И. Каримов.

Сұхбат

PhotoRoom