МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БІЛІМГЕ ТАЛАП КҮШЕЙТІЛДІ

Жаңалықтар
06.12.2018, 21:03

Мемлекет басшысы  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет.  Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек» деген болатын.

Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім бөлімі Тараз қаласындағы №13 орта мектепте «Мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру» тақырыбында облыс балабақшаларының меңгерушілерімен дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Жиынға білім бөлімдерінің әдіскерлері, облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері тақырып аясында баяндама оқып, тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетсек, қазіргі таңда Жамбыл облысында 508 (358-балабақша, 150-шағын орталық) мектепке дейінгі білім мекемелерінде 53 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда 90,2%-дан 97,1%-ға өсіп отыр. Жыл соңына дейін 98%-ға көтеріледі деген үміт бар. Облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 26,2%-ы жекеменшік ұйымдардың құзырында. Онда жалпы балалардың 25,2%-ы (13452 бала) қамтылған. Жыл басынан бері 3822 орындық 39 мектепке дейінгі ұйым ашылып, жыл соңына дейін 1882 орындық 23 ұйым ашу жоспарда бар. Биылғы жылы өңірдегі барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балаларды қабылдау және жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі енгізілген.

Елбасы кезекті Жолдауында мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. Жолдаудағы міндеттерді орындау максатында қазір облыстағы 99,7% балабақша бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

Бейнебақылау камераларын тек кіреберіс дәліздерге ғана орнатып қоймай, алдағы уақытта камералар санын ұлғайту арқылы балалардың ойын және жатын бөлмелерін де жабдықтау мәселесі басқарманың басты назарында екендігін облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім бөлімінің басшысы өз сөзінде айта кетті .

Жиын соңында жұмысты нәтижелі аяқтаған балабақша меңгерушілеріне алғыс хаттар табысталып, дөңгелек үстел концерттік бағдарламаға ұласты.

Сұхбат

PhotoRoom