Бүгін Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынға қатысты іс бойынша сот процесі аяқталды.
"Сот Ерлан Арынды алаяқтық жолмен 1,6 миллион теңгені жымқыруға, пара алуға және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға айыпты деп танылды", - деді үкімді оқыған судья Қабиболла Байғоншеков. Ерлан Арынды үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Сонымен бірге, соттың өкімімен ол "Құрмет", "Парасат" ордендерінен айырылады. Павлодар облысының экс-әкімі сот залында қамаудан босатылды.
"Мен үкімге ризамын. Жақсылық күттік, осының өзі де оң нәтиже болды", - деді үкім шығарылғаннан кейін Ерлан Арынның адвокаты Айжан Сабирина.
Еске сала кетейік, сотталушыға қатысты айыптаулар негізгі куәгер, өткен жылдың күзінде ақша бопсалап, ірі көлемде пара алғаны әшкереленген облыс әкімінің бұрынғы көмекшісі Бағұстар Сапаровтың жауаптары негізінде тағылған еді. Сотта өзіне келген күдіктен құтылу үшін Сапаровтың өз кінәсін мойындап келу қағазын жазып, онда аталған іс-әрекетті өз басшысының мүддесі үшін жасағанын баяндағаны анықталды.
Алғашқыда тергеу Ерлан Арынға 10 эпизод бойынша айып тақты. Бірақ тергеу барысында екі айып қана қалды. Қорғаушы тараптың істі тергеуге қайта жіберу туралы өтінішін сот қабылдамай тастады.
Сөйтіп, сотта кәсіпкер Илья Теренченкодан 1,6 миллион теңге алды деп айып қаралды. Бұл қаражат экс-әкімнің әйелі Ризат Арынға тиесілі Павлодардағы көпбейінді колледжге "Нива" автокөлігін сатып алуға жұмсалған-мыс. Тергеудің мәліметінше, осы оқу орнына екі "ГАЗель" көлігін сатып алу үшін тендердегі жеңіске жәрдемдесеміз және жалпы қорған боламыз деп, кәсіпкер Умлат Матиевтен 5,6 миллион теңге көлемінде пара алынған.
Сотта екі кәсіпкер де ақшаны Сапаровтың өзі ғана сұрағанын, ақшаны соған бергенін айтты. Бұған қоса, соттың бірінші күні Илья Теренченко материалдық талап қоюдан бас тартып, сотталушыға ешқандай кінә артпайтынын мәлімдеді. "Менің Ерлан Мұхтарұлымен ешқандай қарым-қатынасым болмады және оған ешқандай кінә қоймаймын", - деді Теренченко.
Ол өзін жәбірленуші деп санамайтынын да айтты. "Сәуір айының басында облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Арслан Әбдіқалықов менен ардагер үшін "Нива" автокөлігін сатып алуға демеушілік көмек көрсетуді сұрады. Игі ниетпен мен оған көмек көрсеттім. Мен өзімді жәбірленуші деп есептемеймін, бұл қайырымдылық болды, бұл қаражат маған шығын келтірген жоқ. Мен қаржы полициясына шағымданбадым. Онда мені шақырған болатын, сонда ғана бәрін білдім", - деді Теренченко. Өз кезегінде кәсіпкер Умлат Матиев те параны Сапаровқа ғана бергенін растады.
Айта кетейік, Павлодар жұртшылығы экс-әкім өзінің қолы лас көмекшісінің теріс ниетінің құрбаны болды деген пікірде. Ерлан Арынның өзі де солай ойлайды. Оның айтуынша, өзіне қатысты іс қолдан жасалған, мұны пара бопсалау мен алу және кәсіпкердің қаржысын жымқыру дерегі бойынша дәлелдердің жоқтығы дәлел.
Ерлан Арынның адвокаттары да тергеу барысында және сотта оған тағылған айыптардың расталмағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, тергеу о баста айыптау ниетімен жүргізілді, басты куәгер Бағұстар Сапаров осы жылдың шілдесіне дейін айыптаушылар қатарында болды. Қорғаушы тарап ол Ерлан Арынға қасақана күйе жақты деп есептейді.
Еске сала кетейік, Ерлан Арын осы жылдың наурызында ұсталған болатын. Ол 2013 жылдың 20 желтоқсанында қаржы полициясы оның кеңесшісі Төлеген Бастеновты пара алды деген күдікпен ұстағаннан кейін Павлодар облысы әкімі қызметінен кетті.
Шартты жазаның өзі артық деп жатқандар бар. Ерлан Арынның шынайы бейнесі жөнінде шолу ұсынбақпыз.
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің
Іргелі ғалымдардың көшбасында жүретін Ерлан Мұхтарұлының ғылыми зерттеулерінің аясы өте кең: экономика, саясат, тарих, мемлекеттік құрылыс теориясы. Оның әлеуметтік нарықтық шаруашылық, аймақтық және компаративистік экономика теориясы, ауыспалы кезең және шетел инвестицияларын тарту тәжірибесі, экспорттық бағдарланған салаларды дамыту, мемлекеттік экономика, әлеуметтік және этносаяси үдерістер мен саяси институттар қалыптасуының институционалды негіздерінің эволюциясы, мәдениет пен білім беру тарихы және қазақ халқының ұлы ағартушыларының өмірі мен әрекеттеріне қатысты еңбектері ғылыми тұрғыда мойындалды. Ерлан Арын – Қазақстан, Ресей, Қытай, Чехия, Түркия, Моңғолия, Польша, Австрия, Швейцария, Жапония мен Францияда жарық көрген 500-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің, оның ішінде монографиялар, жоғары оқу орындары мен орта мектептерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарының, сөздіктер мен энциклопедиялардың авторы. Ол кісінің еліміздің қазіргі ғалымдары мен мамандарының жоғары білікті корпусын қалыптастыру ісіне қосқан үлесі зор. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерлан Мұхтарұлы «Саясат», «Еуразиялық қауымдастық», «Транзиттік экономика», «Өлкетану-Краеведение» атты танымал журналдардың негізін қалаушы және бірінші бас редакторы, сонымен қатар басқа да республикалық және университеттік газеттер мен ғылыми журналдардың редакциялық алқасының жұмысына белсене қатысады.
Ол 10-нан аса ұлттық, салалық және халықаралық академиялардың толық мүшесі, бірқатар мемлекеттік және шетелдік университеттердің құрметті профессоры болып тағайындалған. Е.Арынның экономикалық саясаттану саласында қазақстандық ғалымдардың ішінде білікті тұлға ретінде қалыптасуы, ең алдымен, Қазақстан Даму институтымен тығыз байланысты. Орталық Азияда ең алғашқы тәуелсіз ғылыми-аналитикалық мекеменің негізі 1994 жылдың тамыз айында қаланды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бұл институттың басшысы ретінде жас ғалым Ерлан Мұхтарұлын тағайындайды. Өйткені бұл уақытта жас ғалым өзін бастамашыл ұйымдастырушы ретінде танытқан болатын. Экономикалық реформалау, ішкі және сыртқы саясат, ҚР қауіпсіздігі, Орталық Азияның болжамдық-аналитикалық мәселелерін бағалау осы жылдары жас жұмыс тобының зерттеу сұрақтарының бірі болатын. Институттың бірінші басшысының бастамашылдығы мен көзқарастарының тереңдігі алғашқы күннен бастап-ақ ғылыми-аналитикалық мекеме жұмысының көпвекторлық сипатын айқындады. Даму институты ғылыми-аналитикалық зерттеулер, консалтинг, имидж-жобаларды дайындау мен іске асыру, оқу-әдістемелік әдебиеттерді дайындау мен жарыққа шығару сияқты іргелі жұмыстарды ғана жүргізіп қоймай, сонымен бірге басқа да жұмыстарды қызу іске асыра бастады. Орталық билік органдарымен ынтымақтастық аясында іске асырылатын жобалардан басқа, ҚДИ аймақтық деңгейдегі аналитикалық жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарына Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және басқа да қалалардың даму бағдарламаларын жатқызуға болады. Қандай қызмет атқармасын, Е.Арын басты назарын әрдайым ғылым мен білім беру интеграциясы мәселелеріне арнайды. Қоғамдық құрылымның жаһандық мәселелері бойынша негізгі теориялық дайындық, мәдени мүдделердің кең ауқымдылығы, отбасында негізі қаланған педагогикалық дәстүрлерге адалдық, бұл қасиеттердің барлығы оның мемлекеттік деңгейдегі әрекеттерінің тиімділігіне, нәтижелі болуына ықпал етті, яғни 1997 жылдан бастап ол Қазақстан Республикасы білім, мәдениет және денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқару жұмыстарынан бастау алады.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрлігінің бірінші вице-министрі болып тағайындалады. Аталмыш министрлік қайта құрылғаннан кейін, 1999 және 2001 жылдар аралығында Ерлан Мұхтарұлы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі болып қызмет атқарады. 2001 жылдың ақпанынан бастап экономика ғылымының докторы, профессор Ерлан Мұхтарұлы – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды. Ертіс өңірінің алғашқы жоғары оқу орнының өсуі мен қарқынды дамуы оның есімімен тығыз байланысты. Оның басшылық ету жылдары студенттер контингенті төрт есе өскен. Оның аса белсенді қоғамдық жұмысының арқасында көрнекті тұлғалар Қ.Сәтбаев, А.Бектұров, Ш.Шөкин, Ә.Марғұлан, Бұқар жырау, Ж.Аймауытов, Е.Бекмаханов, С.Торайғыров, М.Ж.Көпеев пен М.Шормановқа арналған ескерткіштер, М.Ж.Көпеевке, сол сияқты би, аға сұлтан Қазанғап Сатыбалдыұлына, Естай Беркімбаев шығармалары арқылы танымал болған Қорлығайынға, киелі Исабек Ишан хазіретке арналған мұражай кешендері, эстрада аңызына айналған «Дос-Мұқасан» скульптуралық композициясы орнатылды.
Шәкіртсіз ұстаз – тұл
Қазақстан Даму институтында аналитикалық іс-әрекеттерімен қоса, бір мезгілде экономика және саясаттану бойынша ғылыми кадрларды аспирантура мен докторантурада оқыту арқылы дайындау көзделген болатын. ҚДИ-да жұмыс атқаруы кезеңінде экономика, саясаттану, тарих және әлеуметтану саласы бойынша 50-ден астам ғылыми қызметкер мен ізденуші кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Ерлан Мұхтарұлының ғылыми жетекшілігімен экономика мен саясаттанудан жеті докторлық және 29 кандидаттық, 26 магистрлік диссертация табысты қорғалды. 1998 жылы оның төрт шәкірті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды.