ІТ ТЕХНОЛОГИЯ БАСТЫ НАЗАРДА

Жаңалықтар
28.11.2018, 21:22

Жамбыл облысының орталығында дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатын ашу жоспарланған болатын, қазір соның соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде деп хабарлайды өңірдің білім беру басқармасынан. Бұған дейін облыс әкімі А. Мырзахметов,  Елбасы Жолдауда цифрлы білім беру ресурстарын дамытуға бет бұруды тапсырды. Бізде мектептерді жылдамдығы жоғары интернетке қосу және оларды видеоқұрылғылармен жабдықтау үшін толық мүмкіндіктер бар. Одан бөлек, биыл облыс орталығынан ІТ мектеп–лицей ашу көзделуде. Бұл жаңа білім ордасы жаңа технологиялық білім беру бағытына тың серпін әкеледі дегенге сенім мол деп мәлімдеген болатын.

Ал, жуықта ғана Елбасы Н. Назарбаев қалталы бизнесмендерді IT саласын инвестициялауға шақырғаны есімізде. «Экспо» кезінде халықаралық павильон болған нысан, яғни көрмеден кейін бос қалған соң, ол IT стартаперлерге берілген еді. Сонымен оның іші қайта жөнделіп, жаңартылған ғимарат Astana hub деп аталды. Мемлекет басшысы жас ғалымдардың технопаркі Астана hub-тың жұмысын ресми түрде бастап берген кезде, енді сол орталықта дарынды ұл-қыздар цифрлық технологияны дамытып, IT саласында түрлі жаңалықтар ашуы тиіс» деп атап айтты. Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында: «... инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажет.... деді. Бұл жерде әңгіме цифрлық инфрақұрылымға бет бұру мәселесі айтылған.

 

Алдағы төрт жылда жас ғалымдардың жобасына 70 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылуы тиіс екен.  Сондай-ақ, дарынды жастардың білімін жетілдіру үшін «Астана hub» технопаркі жанынан IT университеті құрылмақшы. Бұл да үлкен жаңалық. Онда білікті мамандар ұл-қыздарға цифрлы технологияны дамытудың қыр-сырын үйретпекші.

Мемлекет басшысы сонымен қатар өз Жолдауында, цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін беретінін, сондықтан Үкімет ІТ-саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиістігін, жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты ғылыми-техникалық инновацияларды қолдау, оларды әлеуметтік-экономикалық өмірімізге тезірек енгізуде жаңа биіктікке және жеңіске ұмтылуымыз қажет екендігін ерекше мән бере айтқан.

Айта кетейік, облыс бюджетінің ауқымды бөлігі білім беру саласына жұмсалып келеді. Өткен жылы 98,4 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылы оның көлемі 102,7 миллиард теңгеге жетті. Ендеше жаңартылған білім беру реформасы аймақта көш алдында іске асуына толық мүмкіндік бар деп есептеуге болады.

ІТ мектеп-лицейі Тараздық оқушыларға тың серпін берері сөзсіз.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom