ЖАСТАР САЯСАТЫ - БАСТЫ НАЗАРДА

Жаңалықтар
26.11.2018, 11:55

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Мұның өзі Елбасының ел өрендеріне үлкен сенім артып, олардан зор үміт күтетіндігінің айғағы.

Жастар саясатының басым бағыттары мемлекеттік және салалық бағдарламаларда көрсетілген. Бүгінде жастар саясатына қатысты жұмыстардың барлығы Мемлекет Басшысының жолдауына, «Болашаққа жол» 2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына негізделіп жүргізіліп келеді. Жастар саясатының басым бағыттары мемлекеттік және салалық бағдарламаларда көрініс тапқан. Сонымен қатар, облыста жастарды әлеуметтік қолдауды жетілдіру бойынша «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Серпін-2050» жобалары жүзеге асырылуда.

Жастар саясаты - жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға жастарды тәрбиелеу.

Бүгінде Жамбыл өңірінде жастар саясаты «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік Тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатыр. Статистикаға сәйкес, жалпы облыс халқының 21,5 пайызын жастар құрайды. Яғни, аймақта 240 222 жас, оның ішінде қалада - 90 763, ауылдық елді мекенде - 149 459 бар. Ағымдағы жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 574,6 млн. теңге қаржы қаралған. Оның ішінде облыстық бюджет - 146,5 млн. теңге, қала/аудан бюджеттерінен - 428,1 млн. теңге бөлінді. Ал, өткен жылы 571,5 млн. теңге бөлінген болатын. Демек, жыл сайын салаға бөлінетін қаржы көздері ұлғайып, жастарға көп көңіл аударылып келеді.

Негізінен биылғы жылы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 64,7 млн. теңгеге 26 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Көрсетілген қаржы жастарды жұмыспен қамту, қиын өмірлік жағдайдағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталды.

Жастар  мәселесін бірінші орынға қоятын Асқар Исабекұлы: "Жастар жұмыссыздығы, кәсіпкерлікке баулу, техникалық мамандардың тапшылығы бойынша жиналыстар көптеп өткізу керек. Сонда ғана басқарма мен жас буынның арасында байланыс болады. Жастар көптеп жұмысқа тартылса ғана, қоғамда тәртіпсіздік, көшеде құқық бұзушылық азаяды" деп мәлімдеген болатын. Облыс басшысы жылына 340 млн. қаржы бөлінетін Жастар ресурстық орталығының жұмысын бір жүйеге келтіру керектігін де баса айтып және оның орындалуын талап етуде.

Яғни, өңірде жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету мәселесіне үлкен мән берілуде. Атап айтар болсақ, 2018 жылдың 1 қыркүйегіне 9060 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 3871-і ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 1978 түлек жастар тәжірибесіне, 270-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Ал, 1499-ы қысқа мерзімді оқытуға, 303-і кәсіпкерлік негіздеріне оқытылсып, 52 жас шағын несие алып, 1086-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ІІ-тоқсан қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрап, өткен жылдың есепті кезеңінен 1,9%-ға төмендеген.

Сұхбат

PhotoRoom