ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ЖИНАУ НАУҚАНЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Жаңалықтар
09.10.2018, 12:38

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек» екендігі айтылған еді. Биылғы жылы Жамбыл облысында қант қызылшасы алқабының көлемі артты. Ол шаруалар үшін мемлекеттен үлкен қолдаудың болып отырғандығына байланысты. Мәселен, былтыр 9500 гектар жерге балтамыр еккен дала еңбеккерлері биыл оның көлемін тағы да 1000 гектарға арттырып отыр. Оның басым көпшілігі, Меркі, Шу, Тұрар Рысқұлов және Қордай аудандарына тиесілі. Қазір осы аудандарда қант қызылшасын жинау науқаны жүріп жатыр.

Облыста қант қызылшасын егу жөнінен жақсы нәтиже көрсеткен өңірлердің бірі Қордай ауданы. Қордай жері бұрыннан техникалық дақылдың нақ осы түрін өсіруге өте қолайлы болатын. Сондықтан да қазір де Қордайлық шаруалардың дені қант қызылшасын өсіреді. Ауданда бүгінгі таңда 45 шаруашылық 1000 гектардан астам жерге қант қызылшасын екті.

-«Меркі қант зауытына өткізілгені 6 575 тонна, бұдан басқа ауданда 4 шаруашылық айналысып жатыр, олар да енді бастап өткізіп жатыр», -дейді Ерлан Мәжитов, Қордай аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы.

Сондай-ақ, Қордай ауданында 250 гектар жерге балтамыр отырғызған ірі серіктестіктің бірі «Самғау» шаруа қожалығы. Бұл ұжымда қазір ауылшаруашылығы техникалары барынша жаңартылған. Шаруашылықта қызылшаны қолмен емес, заманауи Джондир тракторларымен жиналады. Қазір 80 пайыз өнімді жинап үлгерген серіктестік биыл гектарына 800 центнерден өнім алып отыр.

Евгений Трубников, «Самғау» ЖШС жетекшісі:

Өнімді толық қазан айының соңында жинап бітіреміз. Қазір 120 гектар ғана жер қалды. Күніне 1000 тонна, яғни 40 машинаға дейін Меркі қант зауытына қызылша жіберіп жатырмыз».

«Самғау» серіктестігі қант қызылшасымен қатар, биыл 300 гектар жерге жүгері дақылын да егіпті. Қазір ол да жиналу үстінде. Жүгеріні көбіне мал азығына пайдаланатынын да айта кетті ауыл еңбеккерлері.

Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, биыл облыста алғаш рет космомониторинг жобасы жүзесе асып отыр. Бұл ғарыштық түсірілім арқылы егістік көлемі мен сапасын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде қант қызылшасы алқабының да тапсырылған көлемі анықталмақшы.

 

Сұхбат

PhotoRoom