КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС

Жаңалықтар
03.10.2018, 13:17

Жер қойнауы қазба байлыққа бай Мойынқұм ауданы бүгінде өндіріс өлкесі дамыған елдімекеннің біріне айналған. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша мұнда 4 жоба жүзеге асса, алтын өндіретін «Ақбақай», цемент шығаратын «Хантау» мен   «Мыңарал Тас компаниялары» және балық өңдейтін Мыңарал зауыты ел игілігі үшін еңбек етуде. Сонымен қатар шағын шаруашылықтар мен шағын кәсіпкерлер де аудан бюджетін толтыруға айтарлықтай үлестерін қосуда. Әйтсе де шағын бизнесті өркендетуге қолбайлау болып отырған жайттар да жоқ емес.

Бүгінгі күні Мойынқұм ауылында нан пісіретін екі наубайхана тек ауыл тұрғындарын ғана емес, күллі ауданды ас атасы нанмен қамтамасыз етіп отыр. Тапсырысқа қарай тәтті бөлкелермен қатар тоқаштар да дайындалады.

Жанна Базарбаева жетекшілік ететін бұл наубайхана 2015 жылы ашылған. Содан бері жұмыстарын бір тоқтатқан емес. Қайта жылдан-жылға жанданып келеді дейді наубайхана меңгерушісі:

-«Біз 2015 жылы ашылған кезде 2-3 адам ғана жұмыс атқарғанбыз. Қазір 6 адам істейді, күніне 600-дей нан пісіреміз. Осы Мойынқүм ауылында төрт дүкенге нанымызды таратамыз»

Ауылдық жерде жұмыссыздық мәселесін шешу тындырымды тірлігімен көзге түсіп отырған дәл осындай жандарға тікелей байланысты. Наубайханадағы жұмысшылар өз нәпәқаларын осы жерден тауып, жағдайларын жасап отыр.

Тәжікүл Шәріпова, нан пісіруші:

-«Мен Алматыдан көшіп келгеннен бері осы наубайханада жұмыс істеп жүрмін. Жалақымды уақытында төлейді»

Жалпы Мойынқұм ауданында 1810 орта және шағын субьектілері тіркелген. Олардың  басым бөлігі сауда саласы мен қоғамдық тамақтандыру  болса, заман талабына сай халыққа қызмет көрсететін жаңа нысандар да бар. Мұның барлығы үкіметтің кәсіпкерлерге деген қолдауының нәтижесі.

 

-«Екінші деңгейлі банктер біздің ауданда орналаспаған, тек қана Халық банкінің кассалық бөлімшесі ғана жұмыс істейді. Бізде кәсіпкерлер өз кәсібін ашуға құлшыныс танытқанымен, қарыз алу үшін Тараз қаласына баруы керек. Бұл бізге қиындық тудырып отыр», - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қалима Исабаева.

Бұл мәселе тек кәсіпкерлерді ғана емес, жергілікті жұртшылықты да алаңдатып отыр. Шалғай аудандағы ағайындардың бұл базынасы банк басшыларына жетіп, шешімін тауып жатса «нұр» үстіне нұр болар еді.

 

Сұхбат

PhotoRoom