Бұл брифингте Асқар Мырзахметов не айтты?

Жаңалықтар
28.11.2014, 12:06

Оңтүстік Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімі 2014 жылдың 9 айында 1,6 трлн. теңгені құрап, 2013 жылдың сәйкес кезеңінен 200 млрд. теңгеге артты. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтты. 

«Жыл басында межеленген индикаторларды орындау үшін іс-шара бекітілді. Онда республикаға байланысты 4 мәселе, облыс деңгейінде 170 шаралар қамтылды. Жұмыс барысы апта сайын арнайы құрылған штабта қаралып отыр. Нәтижесінде, жылды 6% өсіммен аяқтау күтілуде, немесе ЖӨӨ 2,3 трлн. теңге құрайтын болады», - деді аймақ басшысы.

Әкімнің мәліметінше, индустрияландыру картасы бойынша 170 жоба іске асырылуда. Бұл республикадағы жобалардың 18,3 пайызын құрайды (Республикада - 1-орын).

«Жобалардың 65%-ы (111 жоба) ауылдық жерлерде жүзеге асырылуда. Бүгінде 104 жоба іске қосылып, 9 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жақында актуализация жасалып, қосымша 53 жоба картаға енгізілді, жобалар саны 223-ке жетті», - дейді әкім.

Сонымен қатар, оның айтуынша, өңірде 2014 жылдың 10 айында 10 жоба (6,8 млрд. тг., 654 жұмыс орны) іске қосылды. Жыл соңына дейін қалған 31 жоба іске асырылып, жалпы 3 мыңнан аса жұмыс орындары ашылады. Индустрияландыру картасы жобаларымен 2014 жылдың 10 айында 50 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, 2013 жылдың сәйкес кезеңінен 63%-ға артқан.

Өнеркәсіп өндірісі бойынша ОҚО - көшбасшы

«Биылғы жылдың 10 айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалпы өнеркәсіп өнімі 522,3 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 68 млрд. теңгеге артты. 10 айдағы нақты көлем индексі - 103,9%-ды құрап отыр. Бұл республикадағы алдыңғы көрсеткіштің бірі (ҚР-99,7%, республикадағы облыстың үлесі - 3,4%, 2 орын)», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, өңірде өңдеу өнеркәсібінің өнімі 345,7 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде бағдарлама қатысушыларымен өндірілген өнімнің үлесі 15% құрады.

ОҚО-дағы Индустриалдық аймақта (337 га) 33 кәсіпорын жұмыс істеуде және 35 жобаның құрылысы жүргізілуде.

«Бұдан бөлек, барлық аудан, қалаларда индустриалды аймақ құрылуда. Түркістан қаласында индустриалды аймақ іске қосылды. 7 аудандағы индустриалдық аймақтардың инфрақұрылымына 1,6 млрд. теңге бөлініп, құрылысы жүріп жатыр», - деді А. Мырзахметов.

Сонымен қатар, облыста агро-индустриалды аймақ жобасы да қолға алынған. Шымкенттің қасынан 62 га. жер бөлініп, онда әрбір кәсіпкерді орталықтандырылған инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2,9 млрд. теңге бағытталғалы отыр. Жеке инвестиция көлемі 13 млрд. теңге болады. Оларда жылына 25 мың тонна көкөніс өнімдері өңделіп, 800 жұмыс орындары ашылады.

Сұхбат

PhotoRoom