«ТАРАЗ HUB» IT-ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Жаңалықтар
22.12.2018, 16:42

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен облыс орталығында «Тараз HUB» IT-орталығының» ашылу салтанаты өтті. Аталмыш орталық «Тараз» ӘКБ АҚ мен «Benediximus» компаниясының бірлескен жобасы болып табылады. Бұған дейін дәл мұндай орталық Астана («Astana hub») қаласында ғана жұмыс істеп келген десек, екінші болып Тараз қаласында ашылып отыр.

«Тараз hub» IT орталығына стартап компания ашуға ниетті кез-келген адам келіп, көмек сұрай алады. Мұнда 20 стартап компанияға арналған орын бар. Қазірдің өзінде 8 компания тіркеліп, өз жұмысын бастап та кеткен. Мәселен, жақында ғана Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқауының «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған «Novacom Technology» ЖШС орталық серіктесі болып табылады. «Taraz Hub»-тың негізгі миссиясы - ІТ-мамандардың жаңа буынын даярлау, стартап-мәдениетін дамыту және ел мен облыс экономикасын нығайту үшін жоғары технологиялық жобаларды құру. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Болашақта жоба аясында 15 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, онда 50 жұмыс орны бар 15 стартап компанияны орналастыруға жағдай жасалған.

Асқар Исабекұлы «Taraz Hub» Жамбыл облысының ІТ-индустриясы дамуының өзегі және локомотиві болуы тиіс екендігін атап өтті. Өңірде осындай орталықты құру туралы шешім білікті мамандарға деген сұраныстың өсуіне негіз болатыны сөзсіз. Орталық директоры Нұрсұлтан Темірханның айтуынша, «Taraz Hub» алдағы уақытта барлық жастағы адамдарды IT саласындағы жаңа технологияларға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге үйрететін болады. Оқытушылардың біліктілігін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жұмыстары жүргізіледі. Коворкинг аймағында заң және бухгалтерлік салалары бойынша жұмыс орындары да ұсынылмақшы. Бизнес инкубаторда түрлі шеберлік сағаттары, бизнес тренингтер өтеді.

-«Қазіргі таңда орталықта еліміздегі ең білікті ІТ мамандар жұмыс жасауда. Осы бағыттағы үздік компаниялармен байланыс орнатудамыз. Бұған дейін 13 компаниямен келісім жасалса, тағы 30-ға жуық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ақпараттық технология бойынша жұмыс жасайтын олардың санын 80-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Орталықтағы мамандар баламалы энергия көздерін өндіруге арналған қондырғылар, робот құрастыруда тың жетістіктерге жету жолында еңбектенуде. Алдағы уақытта «Taraz Hub»-ты республика бойынша үздік орталыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз»,- дейді орталық басшысы Нұрсұлтан Темірхан.

Орталықтағы мамандар баламалы энергия көздерін өндіруге арналған қондырғылар, робототехника құрастыруда тың жетістіктерге жету жолында еңбектеніп бағуда. Алдағы уақытта «Taraz Hub»-ты республика бойынша үздік орталыққа айналады деген үміт бар.

Айта кету керек, бүгінде орталық «Enactos Dulati» компаниясының жаңа отын түрін ойлап табу жобасын қолдауда. Ол отын көң және өзге де қалдықтардан құралады. Қуаты көмірмен деңгейлес жаңа отынның құны көмір бағасынан 8 есе төмен. Қазірдің өзінде оны Жамбыл ауданы Өрнек ауылындағы бірқатар тұрғындар үйлерін жылыту үшін көмірдің орнына пайдалануда.

Сұхбат

PhotoRoom