ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ - БАСТЫ НАЗАРДА

Жаңалықтар
14.01.2019, 08:39
ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ - БАСТЫ НАЗАРДА

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бірқатар аудандардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Аудандардағы атқарылған жұмыстар мен кезегін күткен тірліктерге назар аударып, хал-ахуалын бақылап қайтты.

Облыс әкімінің орынбасары сапарын Талас ауданы, Қасқабұлақ ауылындағы өткен жылы қыркүйек айында пайдалануға берілген 120 орынға арналған мектептен бастады. 430 млн. теңге бөлінген жаңа білім ордасының құрылыс барысында кеткен бірқатар кемшіліктерді қалпына келтіру мақсатында құрылысты жүргізген мердігер «Керуен Сервис» серіктестігіне нақты тапсырмалар берді.

Келесі кезекте Есейхан ауылына ат басын бұрып, ондағы жобалық  сметалық құны 650 млн. 800 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры жүйесінің құрылысымен танысты. 2018 жылға республикалық қазынадан 200 млн. бөлінсе, облыстық бюджеттен 22 млн. 222 мың теңге бөлініпті. Қазір мұнда мердігер «Монолит Дизайн-2030» серіктестігі жұмыстың 45 пайызын атқарған. Негізінен құрылыс жүріп жатқан жер ауылдан 24 шақырым қашықтықта орналасқан. Геологиялық зерттеу бойынша судың басты көзі осы жер болып белгіленіпті. Су 120 метр тереңдіктен тартылып, ауылдағы 150 үйді ауыз сумен қамтамасыз ететін болады.

Бұдан соң Еркебұлан Дауылбаев Қаратау қаласындағы аудандық ауруханаға барды. Аудандық ауруханада 95 дәрігер жұмыс істейді, оның 11-і  жас мамандар. Бүгінде ауданда бала өлімі азайып, сәбилердің дүниеге келуі артқан. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары 250 орынға арналған аудандық емханада болып, 3-мөлтек ауданында  қайта жөндеуден өткен №49 және №51 көпқабатты үйлерді аралап көрді.

Талас ауданындағы іс-сапары соңында аудан әкімдігінің  мәжіліс залында жиын өткізіп, атқарылған жұмыстар барысын саралап, айтылған кемшіліктерді уақыт өткізбей қалпына келтіру жөнінде жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Еркебұлан Әбілханұлы Сарысу ауданындағы іс-сапарын  әуелі Ақтоғай ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін орта мектептің жай-күйімен танысудан бастады. Мұнан соң Жаңатас қаласындағы орталық ауруханада болды. Сондай-ақ, қала орталығында орналасқан «Үш алып» жатақханасының ғимаратындағы тұрғын үй  ретінде қайта жаңғырту жұмыстарын аралап көрді. Келесі кезекте күрделі жөндеуді қажет ететін «Айгүл» балабақшасының бүгінгі хал-ахуалымен және алдағы жұмыс жоспарларын бақылады. Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 1-шағынаудандағы №5 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағдарлама аясында Жаңатас қаласындағы бос тұрған үйлерді қалпына келтіру бағытында жұмыстар атқарылуда.Жуырда осы тұрғындардың бірқатарына баспаналы болу бақыты бұйырмақ екендігін айтып, қаланың 1-шағынаудандағы тұрғын үйдің қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстарын көрсетті.Атқарылып жатқан жұмыстар барысын өз көзімен көрген Еркебұлан Әбілханұлы бастаған топ бас мердігермен жолығып, көпқабатты үй пәтерлерінің сапасын байқады.

Аудандағы бірқатар нысандарды аралап шыққан Еркебұлан Дауылбаевтың жұмыс сапары соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында бірқатар басқарма және бөлім басшыларының қатысуымен жиын өтті. Басқосу барысында  басқарма басшылары өз салалары бойынша баяндама жасап, ауданға қатысты мәселелерді Еркебұлан Әбілханұлының назарына ұсынды. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасарлары аймақтағы шешімін күткен мәселелердің себеп-салдарын түсіндіріп, жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, Сарысу ауданы әкімі Балабек Нарбаев бүгінде жаңарған шаһарда  2000-нан астам адам пәтер кезегінде тұрғанын тілге тиек етті.

Сұхбат

PhotoRoom